ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 100 мыңнан астам азаматы үшін БЖЗҚ-ға жарналар аударылды

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 100 мыңнан астам азаматы үшін

БЖЗҚ-ға жарналар аударылды

 

2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа[1] (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің еңбеккерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім (бұдан әрі – Келісім) күшіне енгеніне алты жыл болды. Бұл Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қатынастарын реттейді.

Еске сала кетейік, Келісімнің негізгі мақсаттарының бірі – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбеккерлеріне зейнетақы құқықтарын қалыптастыру және іске асыру үшін олар жұмыс істейтін мемлекеттің азаматтарымен тең жағдай мен бірдей тәртіпті қамтамасыз ету.

 

Тарихы

2019 жылғы 20 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, онда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары Келісімге қол қойды.

Келісім ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерде ратификацияланғаннан кейін, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың басқа ЕАЭО елдерінде жұмыс істейтін азаматтары жұмысқа орналасқан елдің азаматтарымен тең дәрежеде өздерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастырып, сақтап және жүзеге асыра алады. Енді ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өз аумағында жинақталған еңбек өтілі үшін өз заңнамасына сәйкес зейнетақы төлейді. Егер еңбеккердің бір мемлекет аумағында жинаған еңбек өтілі зейнетақы тағайындауға жеткіліксіз болса (жинақтаушы зейнетақыны қоспағанда), онда басқа ЕАЭО елдерінде, соның ішінде Келісім күшіне енгенге дейін жинақталған еңбек өтілі де ескеріледі. Бұл ретте бір мезгілде сәйкес келетін еңбек өтілі есепке алынбайды. Сонымен қатар, ЕАЭО елдерінің азаматтары жұмыс істейтін мемлекеттерінде жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын міндетті түрде ресми рәсімдеуі тиіс, яғни еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды уақытылы жасауы қажет.

 

Қазақстанда Келісімді іске асыру

Қазақстанда Келісім Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) зейнетақы жарналарын төлеуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнет жасына жеткенде немесе I және II топтағы мерзімсіз мүгедектік белгіленген жағдайда БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға қатысты құқықтық қатынастарға қолданылады.

Мысалы, егер Қазақстан азаматы Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше елдердің бірінде  еңбек өтілін (мысалы, 3–5 жыл) жинаса, онда зейнетке шығу құқығы туындаған кезде (зейнет жасына жету, қажетті еңбек өтілінің болуы) мигранттың өз елінің аумағында жұмыс істеген кезеңі үшін сол елдің зейнетақы заңнамасына сәйкес зейнетақы тағайындалады. Бұл ретте Қазақстан азаматы зейнетақыны тағайындау және төлеу туралы өтінішті тиісті ЕАЭО мүше мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасындағы құзыретті орган ретінде БЖЗҚ-ға бере алады.     

Еңбеккерге зейнетақы тағайындау және төлеуге қажетті құжаттар тізбесі әрбір ЕАЭО мүше  мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі.

 

[1]Армения, Беларусь, Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Қазақстан мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ

Дата публикации
16 апреля 2026