Зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі: зейнетақы жинақтарын ерте қалыптастырудың және зейнетақы жарналарының тұрақтылығының маңыздылығы

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 

Зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі: зейнетақы жинақтарын ерте қалыптастырудың және зейнетақы жарналарының тұрақтылығының маңыздылығы

 

Зейнетақының жеткіліктілігі ұғымы

 

Жеткілікті зейнетақы табысы – бұл адам зейнеткерлікке шыққаннан кейін бұрынғы өмір сүру сапасын сақтап, елеулі қаржылық шектеулерді сезінбей өмір сүруіне мүмкіндік беретін төлем мөлшері. Зейнетақы жүйесінің жеткіліктілігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – кірісті алмастыру коэффициенті (КАК). Бұл көрсеткіш зейнеткердің бұрынғы жалақысының қандай үлесін зейнетақы ретінде алатынын көрсетеді. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдарына сәйкес, егер кірісті алмастыру коэффициенті еңбекке жарамды кезінде алып отырған табысының кемінде 40%-ын құраса, зейнетақы жеткілікті деп есептеледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл көрсеткіш орта есеппен шамамен 41% деңгейінде.

Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Ол базалық және ынтымақты (мемлекет есебінен қаржыландырылады), міндетті және ерікті (салымшылардың жеке зейнетақы жинақтары, инвестициялық кірісі және жұмыс берушінің жарналары есебінен қалыптасады) деңгейлерден тұрады. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ынтымақты зейнетақының көлемі біртіндеп азайып келеді. Өйткені оны тағайындау кезінде тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ғана есепке алынады. 2040 жылдардың басында зейнетке мұндай еңбек өтілі жоқ адамдар шыға бастайды. Бұл азаматтар ынтымақты зейнетақы алмайды. Сондықтан олардың зейнетақысының мөлшері тікелей жинақталған қаражат көлеміне байланысты болады.

Дата публикации
16 апреля 2026