Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы
зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
басқаруына қалай қайтаруға болады?
Зейнетақы жинақтарын басқару жөніндегі мүмкіндіктерді кеңейту аясында Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне сәйкес, азаматтардың өз жинақтарының бір бөлігін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) сенімгерлік басқаруынан инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беруге, қаражатты бір ИПБ-дан екіншісіне аударуға, сондай-ақ ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы қаражатын қайтадан ҚРҰБ басқаруына қайтаруға құқығы бар.
Осылайша, қолданыстағы заңнама шеңберінде салымшылар бұрын қабылданған инвестициялық шешімдерін жеке қаржылық мақсаттары мен артықшылықтарын ескере отырып, қайта қарауға құқылы.
ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы қаражатын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару тәртібі туралы сауалдардың көп түсуіне орай, БЖЗҚ осындай шешім қабылдаған жағдайдағы іс-қимыл шарттары мен реттілігін түсіндіреді.
ҚР Әлеуметтік кодексінің 5-тарауы 40-бабы 1-тармағы 10-тармақшасына сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) салымшылар, пайдасына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аударылған жеке тұлғалар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылар Қорға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініштерін зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға берген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін ғана беруге құқылы.
Егер зейнетақы жинақтары бір ИПБ-ға бірнеше рет сенімгерлік басқаруға аударылған болса, зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-қа қайтару оларды сенімгерлік басқаруға алғаш рет аударған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң ғана жүзеге асырылады.
Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына беру тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА)[1] бекіткен Қағидаларда айқындалған.
[1] Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 мамырдағы «Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан екінші инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне беру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» №28 қаулысы