Қазақстандықтардың 12 айда есептелген
инвестициялық кірісі 2,28 трлн теңгені құрады
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің қорытындысы, сондай-ақ валюта бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарында 2025 жылғы ақпан айынан бастап 2026 жылдың қаңтарын қоса алғандағы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс көлемі шамамен 2,28 трлн теңге болды. Осы кезеңдегі кірістілік – 9,74% көрсетті.
Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды ұзақ мерзімді басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Кірістілік деңгейі қаржы құралдарының, валюта бағамдарының және кезеңнен кезеңге дейінгі өзге де көрсеткіштердің нарықтық құнының құбылмалылығына байланысты екенін атап өту маңызды. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды ұзақ мерзімді кезеңге жасаған жөн.
Орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістілік 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша өспелі жиынтықпен 1 173,15% болды, ал бүкіл кезең ішіндегі инфляция 952,32%.
2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 2014 жылдан бері (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) жинақталған таза инвестициялық кіріс 13,99 трлн теңгені құрады. Оның салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі жасалған төлемдер есебімен 41,5%-ға тең, бұл инвестициялық қызметтің зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы маңыздылығын көрсетсе керек.