БЖЗҚ шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуын жалғастыруда

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

БЖЗҚ шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуын жалғастыруда

2025 жылғы 9–10 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мамандары Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Бюджеттен тыс зейнетақы қорының қызметкерлері үшін онлайн-семинар өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстанның зейнетақы жүйесімен және оның даму бағыттарымен таныстыру болды.
Онлайн-семинар барысында БЖЗҚ өкілдері Қордың қызметі туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізудің алғышарттары мен оның қазіргі жағдайына, Қордың актуарлық қызметіне, зейнетақы қызметтерін көрсету форматтарына және зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту мәселелеріне арналған презентациялар жасады. Сонымен қатар жеке зейнетақы шоттарын әкімшілендіру, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің түрлері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы Келісім аясындағы төлемдер, зейнетақы жинақтарын инвестициялау, негізгі автоматтандырылған ақпараттық жүйелер, деректерді басқару тәсілдері мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі цифрлық қызметтерді енгізу мәселелері қарастырылды.

Дата публикации
14 января 2026