Алаяқтар алдаудың жаңа тәсілдерін меңгеруде!
Сақ болыңыздар!
Цифрлық технологиялардың белсенді дамуы жағдайында Интернет желісі арқылы мемлекеттік, қаржылық және өзге де электрондық қызметтерге азаматтардың қол жеткізу ауқымы күннен күнге кеңейе түсуде. Алайда, мұнымен қатар интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстардың түрлі әдіс-тәсілдері де қарқынды даму үстінде. Сіздерді аса сақ болуға шақырамыз – алаяқтар жылдам дамып келе жатқан жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, бейнелер, аудиожазбалар және адамдардың бет-әлпеті мен дауысын дәл беретін кескіндер жасайды. Әлеуметтік желілерде зейнетақы жинақтарын әр түрлі облигацияларға, акцияларға және қаржылық операцияларға салу туралы шындыққа сәйкес келмейтін жарнамалары мен ұсыныстары бар роликтер жиі таралуда. Азаматтардың ресми құрылымдарға деген сенімін пайдалана отырып, алаяқтар психологиялық қысым көрсетіп, жеке және қаржылық ақпаратқа қол жеткізу мақсатында өздерін көбінесе мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау органдарының, байланыс операторларының және басқа ұйымдардың, соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері ретінде таныстырады.