«БЖЗҚ» АҚ жыл басынан бері көрсеткен қызметтердің 98%
цифрлық форматта іске асырылған
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (Қор/БЖЗҚ) қазақстандықтарға цифрлық форматта түрлі қызметтер көрсетеді және оларды клиенттердің қажеттіліктеріне бейімделе отырып дамытуды жалғастыруда. Қордың сайтта және мобильді қосымшада 24/7 режимінде көрсететін қызметтерінің қолжетімділігі салымшылардың қызығушылығын арттырудың маңызды шарты болып табылады.
01.01.2025ж. мен 30.09.2025ж. аралығында халыққа шамамен 33,7 млн қызмет көрсетілді. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 20 млн-ы электрондық форматта, 12,6 млн автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 97,9%-ын құрады. Қор қызметкерлері салымшыларға 724,4 мың қызметті жүзбе-жүз көрсетті, оның ішінде 708,9 мың қызмет тікелей Қордың кеңселерінде жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарына нысаналы талаптар автоматты түрде есептеліп, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды алушыларға нысаналы жинақтарды есептеу және есепке алу үшін нысаналы жинақтау шоттары ашылады.