Ұзақмерзімді өсім: 2014 жылдан бергі таза табыс 11,67 трлн теңгеге жетті
2025 жылғы 1 маусымдағы көрсеткіш бойынша 2014 жылдан бастап жинақталған (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) таза инвестициялық табыс 11,67 трлн теңгеге тең. Жүзеге асырылған төлемдерді қоса алғанда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі жинақталған 01.06.2025 ж. таза инвестициялық кірістің үлесі 39,6% жетті. Осылайша, азаматтардың зейнетақы жинақтарының елеулі бөлігі инвестициялық табыс есебінен құралды.
Зейнетақы активтерінің қысқа мерзімді жеке кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Өйткені қаржы құралдары мен басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі қысқа мерзімде есептелген кірістер осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін әрдайым жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды кем дегенде бір жылдық көрсеткіші бойынша жасаған жөн.