АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«БЖЗҚ» АҚ 2025 жылдың 6 айында 25 миллионнан астам қызмет көрсетті
«БЖЗҚ» АҚ-ның (БЖЗҚ, Қор) цифрлық форматта көрсетілетін қызметтеріне салымшылар тарапынан қызығушылық артып келеді. Себебі олар тәулік бойы қолжетімді.
01.01.2025ж. мен 30.06.2025ж. аралығында халыққа шамамен 25,1 млн қызмет көрсетілді. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 13,6 млн-нан астамы электрондық форматта, 10,6 млн-нан көбі автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,1%-ын құрады. Қор қызметкерлері салымшыларға шамамен 480,6 мың қызметті жүзбе-жүз көрсетті, оның ішінде 471,0 мыңнан астамы тікелей Қордың кеңселерінде жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар да автоматты түрде есептеледі.
Есепті кезеңде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 896,9 мыңға жетті.