АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Кәмелетке толған немесе 18 жасқа 2025 жылы толатын
отандастарымыз «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы
бойынша тиесілі қаржысын өз бетінше тексере алады
Ұлттық қордың инвестициялық кірісіндегі валюталық бөлігінің 50%-ы жыл сайын еліміздің азаматы болып есептелетін, 2006 жылы және одан кейін туған балаларға теңдей бөлініп берілетін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы екінші жыл іске асырылуда. 2006-2007 жылдары туған, 2024-2025 жылдары 18 жасқа толған/толатын жас қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-да (бұдан әрі – Қор, БЖЗҚ) ашылған нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) нысаналы жинақтар (НЖ) есептелді. Олар бұл қаражатты тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу үшін пайдалана алады.
Қорға Бағдарламаға қатысушылардың заңды өкілдерінен электрондық үкіметтің интернет-ресурстарында (EGOV Mobile сайты мен ұялы қосымшасында) 2006-2007 жылдары туған балаларына есептелген НЖ туралы ақпараттың болмауы мәселесіне қатысты өтініштердің жиі түсуіне орай, БЖЗҚ кәмелетке толған немесе 18 жасқа 2025 жылы толатын азаматтар өздерінің НЖ туралы ақпаратты Қордың немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурсындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс екенін ескертеді. Осылайша, БЖЗҚ қазақстандық заңнамаға сәйкес нысаналы жинақтардың қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді қоса алғанда, НЖ алушыларға қатысты ақпараттың құпиялылығына кепілдік береді.