АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Отандастарымыздың зейнетақы активтері бір жыл ішінде 4,18 трлн теңгеге артты
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 22,68 трлн теңгеден асты. Соңғы 12 ай ішінде зейнетақы активтері шамамен 4,18 трлн теңгеге (немесе 22,6%) артты.
Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары 2025 жылдың 1 наурызына 21,71 трлн теңгеден асты. 12 айдағы өсімі – 21,4%. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары – 650,69 млрд теңге, 12 айдағы өсім – 10,3%. Өткен 12 ай ішінде ең үлкен өсімді (42,8%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі – 8,14 млрд теңге.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) 310,13 млрд теңгеден асты.
Кіріс
2025 жылдың алғашқы 2 айында салымшылардың шоттарына 497,33 млрд теңгеден аса зейнетақы жарнасы түсті (өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім 19,9% немесе 82,46 млрд теңгеге артық).
МЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жыл басынан бері 01.03.2025 жылға дейін шамамен 416,04 млрд теңге (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11% артық) түсті, МКЗЖ - 22,41 млрд астам теңге (өсім 10,8%), ЕЗЖ – 600,34 млн теңге (өсім 17,2%). 2025 жылдың 2 айындағы ЖМЗЖ көлемі – 58,28 млрд теңге.