АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«БЖЗҚ» АҚ жыл басынан бері 13 миллионнан аса қызмет көрсетті
«БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) халықпен қарым-қатынас деңгейін жақсарту мақсатында заманауи технологиялар мен сандық шешімдерді көптеп енгізуде. Биылғы 1-қаңтар мен ақпанның 28-і аралығында халыққа шамамен 13,7 млн қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері көрсетілген қызметтердің 4,8 млн астамы электрондық форматта, 8,6 млн. қызмет автоматты түрде көрсетілген. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы көрсетілген қызметтер санының 98,6% тең болды. Жүзбе-жүз көрсетілетін форматта шамамен 190,3 мың қызмет іске асырылып, оның ішінде тікелей Қордың кеңселерінде 184,7 мың қызмет жүзеге асырылған.
Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар да автоматты түрде есептеледі.
Есепті кезең ішінде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 529,2 мыңға жетті.
Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан шамамен 5,4 млн үзінді көшірме берілді. Оның 4,4 млн астамы - электрондық, ал 865,0 мыңнан астамы автоматты түрде рәсімделді.