АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі
қазақстандықтардың жинақталған таза инвестициялық кірісінің
үлесі өсуде
Жылдан жылға зейнетақы жинақтарының көлемі, сондай-ақ ондағы инвестициялық табыстың үлесі өсуде. 2014 жылдан бастап жинақталған (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) таза инвестициялық табыс 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 11,46 трлн теңге болды (салыстыру үшін - 01.03.2024 ж. 8,83 трлн теңге). 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі жүзеге асырылған төлемдер есебімен бірге 40,3% жетті. Бұл инвестициялық қызметтің зейнетақы жинағын қалыптастыруда алатын рөлінің маңызды екенін көрсетеді (01.03.2024 ж. бұл көрсеткіш 37,4% болды).
Атап өткен жөн, зейнетақы жинақтары - ұзақ мерзімді инвестиция. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған абзал. Жекелеген кезеңдерде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығына, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне, сондай-ақ инфляцияның ықпалына байланысты кірістіліктің төмендеуі байқалуы мүмкін.
Орта және ұзақ мерзімді келешекте зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) табыстылығы қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 наурызға дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 962,28% болды, бүкіл кезеңдегі инфляция 851,90% көрсетті.