БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу тәртібі

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 

«БЖЗҚ» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлемі:

қалай есептеледі, қайда жүгіну керек 

 

Зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлеміне кімдер құқылы?

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес «БЖЗҚ» АҚ-дан (бұдан әрі – Қор, БЖЗҚ) белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнет жасына толған (ерлер – 63 жас, әйелдер-61 жас), сондай-ақ 1 немесе 2 топ мүгедектігі мерзімсіз уақытқа белгіленген, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

 

Кесте бойынша төлемдер қалай есептеледі?

Кесте бойынша берілетін төлемдер былай есептеледі: зейнетақы төлемін ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері  республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - ЕТК) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылы ЕТК деңгейі - 46 228 теңге).

Мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеп, зейнет жасына толған, олардың пайдасына жиынтығында кем дегенде алпыс ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген адамдар сияқты белгілі бір санаттағы алушылар үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Жоғарыда көрсетілген шарттардың біреуінен артығын қанағаттандыратын адамдар үшін ең үлкен мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.  

Дата публикации
10 апреля 2025