АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы іске асырыла бастаған 12 ай ішінде
«БЖЗҚ» АҚ жас отандастарымызға 6,30 млн АҚШ долларын аударды
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы іске қосылған 12 ай ішінде "БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) шамамен 6,30 млн АҚШ долларына 62 697 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 3,63 млн астам АҚШ долларына 36 119 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 2,67 млн АҚШ долларына 26 578 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (шамамен 3,53 млн АҚШ долларына 35 113 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – шамамен 30,27 мың АҚШ долларына 304 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 29,60 мың АҚШ долларына 295 өтініш.
Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (2,25 млн АҚШ долларына 22 435 өтініш орындалды), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (314,86 мыңға жуық АҚШ долларына 3 133 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (88,47 мың АҚШ долларына 880 өтініш орындалды).