АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Ұлттық қор - балаларға: 2024 жылдың қорытындысы бойынша
жас отандастарымызға қанша қаражат есептелді
2024 жылдың қорытындысы бойынша "Ұлттық қор-балаларға" бағдарламасы шеңберінде 18 жасқа дейінгі (қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін барлық балаларға кезекті нысаналы талаптар есептелді. 2025 жылы 18 жасқа толатын жасөспірімдердің нысаналы жинақтау шоттарына (бұдан әрі - НЖШ) нысаналы жинақтар есепке алынды.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 921 035 бала. Оның ішінде 324 430 қатысушы 2025 жылы 18 жасқа толады. 2025 жылы есептелген бір балаға арналған нысаналы талаптардың сомасы 2024 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматы болып есептелетін балалардың саны туралы деректерге және балаларға Ұлттық қордан есептелген нысаналы талаптардың 888 794 506 АҚШ доллары мөлшеріндегі жалпы сомасы туралы ҚР Ұлттық Банкінен алынған ақпаратқа сүйене отырып есептелді.
Есепті жыл үшін барлық балаларға бірдей сома есептелді, оның мөлшері бір балаға 129 АҚШ доллары 38 центіне тең.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Бағдарламаға қатысушылардың санын және оларға есептелген нысаналы талаптар/жинақтар сомасын айқындау кезінде қандай да бір себептермен 2023 жылдың қорытындысы бойынша қаражатты есептеу кезінде нысаналы талаптарға қатысушылар/нысаналы жинақтарды алушылар тізіміне енгізілмеген балалардың саны да ескерілді. "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан жаңартылған мәліметтерді алғаннан кейін нысаналы талаптарға қатысушыларға қаражат өткізіп алған кезеңдегі нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс сомасын қоса есептелді.