АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Қазақстандағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайтылды
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшері ұлғайды. Қазір ол - 2,5%.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыс берушілер зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға қатысып, БЖЗҚ-ға жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) өз қызметкерлерінің пайдасына аудара бастады. Осылайша, Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа құрамдауыш бөлікпен толықтырылды.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлер өз кірістерінен төлейтін 10% міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) айырмашылығы – ЖМЗЖ-ны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Жыл сайын ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өсіп отырады (2024 жылы 1,5%, 2025 жылы 2,5%, 2026 жылы 3,5%, 2027 жылы 4,5%) және 2028 жылы 5% жетеді. Жұмыс берушінің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылдайтын жұмыскердің табыс сомасы тиісті күнтізбелік жылға белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) кем дегенде біреуін және көп дегенде 50-еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.