АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Жаңа жылда жинақтаушы зейнетақыны арттыру жалғасын таппақ
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтары көлемінің өсуіне, әлеуметтік өлшемдердің жыл сайын артуына және төлемдердің индекстелуіне байланысты жинақтаушы зейнетақысын жаңадан ала бастағандар мен алып жүрген азаматтардың «БЖЗҚ» АҚ-дан (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту биыл да жалғасын таппақ.
Бәрімізге белгілі, әрбір салымшының жинақтаушы зейнетақысы оның зейнетақы жарналары және жинақталған инвестициялық кірісі есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасына тікелей байланысты. Зейнет жасына толғанда немесе Әлеуметтік кодексте көзделген өзге де жағдайлар туындған кезде салымшы БЖЗҚ-дан тұрақты төлемдер ала бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Әдістемеге сай, зейнетке шығатын азаматтарға ай сайын жасалатын төлем былай есептеледі: төлем ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы төлем зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы төлем республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - КД) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі - 46 228 теңге). Қордан берілетін төлемдердің ең жоғары мөлшері шектелмейді және алушының зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты.