Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі
Қазақстан Республикасының Кодексі 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Кодекстің қолданысқа енгізілу тәртібін 204-баптан қараңыз.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады
МАЗМҰНЫ
Ескерту. Мазмұны алып тасталды – ҚР 01.07.2021 № 61-VII Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
ЖАЛПЫ БӨЛІК
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1) азаматтық қызмет – азаматтық қызметшілердің қазыналық кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын іске асыруға, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруға және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі кәсіптік қызметі;
2) азаматтық қызметші – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам;