АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы аясында
қазақстандықтарға 76,11 млн АҚШ доллары аударылды
2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды (НЖ) пайдалану бойынша жалпы сомасы шамамен 76,11 млн АҚШ долларына 365 553 алушыға төлем жасалды.
2026 жылдың басынан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 170 156 азамат жалпы сомасы 44,84 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі нысаналы жинақтарын алды. Оның ішінде 119 279 қазақстандыққа тұрғын үй жағдайларын жақсартуға 31,00 млн аса АҚШ доллары, ал 50 877 қазақстандыққа білім алуға ақы төлеу үшін 13,83 млн АҚШ доллары аударылды.
Барлық қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды. Еске салайық, НЖ алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Егер қаражаттың бір бөлігі талап етілмесе, қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) 10 жыл бойы сақталады. Одан кейін пайдаланылмаған қалдық алушының ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту бағытында ең көп сұранысқа ие болған мақсат — тұрғын үй құрылыс жинақтарына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру. Осы мақсат бойынша 117 712 алушыға жалпы сомасы 30,51 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүзеге асырылды. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу мақсатында 788 жас қазақстандыққа 183,65 мың АҚШ доллары, ал азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді меншікке сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) мақсатында 437 қазақстандыққа 102,17 мың АҚШ доллары төленді.