GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Қызметі
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Құжаттар
Все материалы
21 октября 2026
Қазақстан мен Сингапур азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады  

Астанада ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Сингапурдың азаматтық авиация басқармасы (CAAS) өкілдерінің екіжақты кездесуі өтті. Тараптар техникалық ынтымақтастықты дамыту, авиация мамандарын даярлау және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.

Келіссөздерге Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел және CAAS авиацияны дамыту жөніндегі Аға Директоры Сидни Ко қатысты. Сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан ұшу қауіпсіздігі жөніндегі атқарушы директор Аслан Сатжанов, Ұшуға пайдалану департаментінің директоры Зиа Уль Кабир және Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Руслан Сарин қатысты.

 Кездесу барысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен CAAS арасындағы оқыту саласындағы қолданыстағы Өзара түсіністік туралы меморандумның мерзімін ұзарту және ынтымақтастық бағыттарын кеңейту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, тәуекелге негізделген қадағалау салаларында тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары мен мамандары үшін Сингапур авиация академиясының (SAA) базасында мамандандырылған тренингтер мен тағылымдамалар ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.

Тараптар авиациялық қауіпсіздік, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадағалау, оның ішінде ИКАО-ның Үздіксіз мониторинг тетігі шеңберіндегі әмбебап тексерулер бағдарламасы (USOAP-CMA) қамтитын бағыттар, сондай-ақ аэронавигациялық жүйелерге қызмет көрсету және авиациялық инновациялар бойынша даярлау бағдарламаларын кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Сингапур тарапы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен CAAS басшылығы деңгейінде жыл сайынғы диалог форматында кездесулер өткізуді ұсынды. Бұл формат тұрақты тәжірибе алмасуға, ынтымақтастықтың басым бағыттарын келісуге және бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Талқыланған ынтымақтастық бағыттары халықаралық стандарттар мен озық тәжірибені ескере отырып, авиация мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыруға және Қазақстанның азаматтық авиация саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

 

21 октября 2026
«ҚазжолҒЗИ» және China TransInfo Group Қазақстанның жол саласында автономды көлік технологиялары мен цифрлық шешімдерді дамытады

2026 жылғы 16 қазанда Астанада «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ мен China TransInfo Group зияткерлік көлік жүйелері мен автономды көлік технологиялары саласындағы Бірлескен құзыреттер орталығын құру туралы келісімге қол қойды.

Орталық зияткерлік көлік жүйелері, автономды жүргізу және жол инфрақұрылымын цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылды. China TransInfo Group - зияткерлік көлік жүйелеріне, жол инфрақұрылымын цифрландыруға, көлік аналитикасына және автономды жүргізу технологияларына маманданған компания. Орталық қызметі Қытай тарапының жасанды интеллект пен автономды көлік технологиялары саласындағы технологиялық құзыреттерін «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның жол зерттеулері, стандарттау және нормативтік реттеу жөніндегі ғылыми-техникалық сараптамасымен ұштастыруды көздейді.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі - Қытай – Қазақстан халықаралық көлік бағыты бойынша автономды жүк тасымалының пилоттық жобасын іске асыру. Сонымен қатар көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін автоматтандырылған бақылау жүйелерін, оның ішінде қозғалыс үстінде өлшеу технологиясын (WIM) енгізу, автономды көлік құралдарын сынауға арналған полигон құру және салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және деректер алмасу тетіктерін енгізу арқылы Көлік операцияларын басқару орталығын құру мәселесін пысықтау міндеттері қарастырылған.

Кездесу барысында тараптар сарапшылар алмасу, мамандардың біліктілігін арттыру, бірлескен семинарлар өткізу және өзара жұмыс сапарларын ұйымдастыру мәселелерін де талқылады. Қорытындысында бірінші кезектегі іс-шаралар мен бірлескен жобаларды іске асырудың келесі қадамдары айқындалды.

«Орталық озық цифрлық және автономды көлік технологияларына ғылыми-техникалық баға беруге және оларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге арналған алаңға айналады. Біздің мақсатымыз – пилоттық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету және жол саласының нормативтік-техникалық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Кенжебек Азатбеков.

Орталықты құру Қазақстанның зияткерлік көлік инфрақұрылымын дамытуға, елдің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға және халықаралық көлік дәліздеріне заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған.

 

 

 

21 октября 2026
Астанада авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Авиациялық қауіпсіздік апталығы – ICAO Security Week 2026 аясында Астанада жоғары деңгейдегі баяндамалар сессиясы өтті. Сессияның негізгі тақырыптары халықаралық ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттік қадағалау жүйесін жетілдіру және азаматтық авиацияны қорғау үшін заманауи технологияларды қолдану болды.

Сессияда Канаданың Көлік министрінің қауіпсіздік және қорғау мәселелері жөніндегі орынбасарының көмекшісі Лиза Дж. Сетлакве, Ресей Федерациясының Көлік саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің басшысы Виктор Гулин, Африка азаматтық авиация комиссиясының (AFCAC) бас хатшысы АдеСева Адейеми және Латын Америкасы азаматтық авиация комиссиясының (LACAC) бас хатшысы Хайме Биндер баяндама жасады.

Сессия барысында Лиза Сетлакве геосаяси шиеленіс, қарулы қақтығыстар және киберқауіптердің күшеюі жағдайында мемлекеттердің іс-қимылдарын үйлестіру қажеттігін атап өтті. Ол халықаралық стандарттарды әзірлеудегі ИКАО-ның рөліне және қауіп-қатерлер туралы ақпаратпен уақтылы алмасудың маңыздылығына, соның ішінде Канаданың Safer Skies бастамасы аясындағы жұмысқа ерекше назар аударды.

         «Авиациялық жүйесінің даму деңгейі мен қауіпсіздік шараларының жетілдірілуіне қарамастан, ешбір мемлекет бұл сын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайды», – деп атап өтті Лиза Сетлакве.

Виктор Гулин мемлекеттік қадағалауды жетілдіру, заңбұзушылықтардың алдын алу және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі тәсілдерді таныстырды. Атап айтқанда, ұлттық қадағалау жүйелерінің ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік саласындағы әмбебап аудит бағдарламасымен (USAP) өзара іс-қимылы, авиациялық ұйымдардың өзін-өзі бағалау тетіктерін қолдануы және міндетті талаптардың сақталуын жария түрде мәлімдеу мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ кибершабуылдар жасау үшін жасанды интеллектіні пайдалануға байланысты тәуекелдер атап өтілді.

«Халықаралық азаматтық авиациядағы терроризмге қарсы күрес декларативті сипатта емес, жүйелі әрі дәйекті түрде жүргізіліп, бақылау мен профилактиканың ең заманауи құралдарына сүйенуі тиіс», – деді Виктор Гулин.

АдеСева Адейеми AFCAC-тың африкалық мемлекеттерге ИКАО аудиттеріне дайындалу және түзету шараларын іске асыру кезінде қолдау көрсету жөніндегі қызметі туралы айтып берді.

«Цифрландыру – қауіпсіздік пен рәсімдерді жеңілдетуді байланыстыратын көпір. Қауіпсіз цифрлық құралдар, жолаушылар туралы ақпарат алмасу және сенімді шекаралық рәсімдер мемлекеттерге кімнің сапарға шыққанын анықтауға, заңды жолаушыларды өңдеу үдерісін жеделдетуге және назарды тәуекел деңгейі жоғары бағыттарға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Африка шекаралары арқылы кедергісіз әрі қауіпсіз сапарлауды қамтамасыз ету», – деді АдеСева Адейеми.

Хайме Биндер Латын Америкасы мен Кариб бассейні мемлекеттерінің ИКАО және LACAC-тың бірлескен өңірлік тобы аясындағы ынтымақтастық тәжірибесін таныстырды. Топтың жұмысы жүк тасымалының қауіпсіздігін, киберқауіпсіздікті, тәуекелдерді бағалауды, персоналды даярлауды және жолаушылар туралы деректерді басқаруды қамтиды. Баяндамашы мемлекеттердің халықаралық азаматтық авиацияны қорғаудағы ортақ жауапкершілігін және қауіпсіздік шараларының формальдылықтарды жеңілдетумен өзара байланысын атап өтті.

«Авиациядағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Бір әуежайда ұшаққа отырған жолаушы өзімен бірге сол мемлекеттің бақылау органдары мен мекемелеріне деген сенімді алып жүреді. Басқа елге келген кезде бұл сенім әлдеқайда кең жүйенің бір бөлігіне айналады. Ешбір мемлекеттік орган бүкіл жүйенің қауіпсіздігіне жалғыз өзі кепілдік бере алмайды. Біз бір-бірімізге тәуелдіміз», – деп атап өтті Хайме Биндер.

Сессияға қатысушылар ақпарат пен практикалық тәжірибе алмасудың, кадрлық әлеуетті дамытудың және ИКАО стандарттарын жүйелі түрде енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттер мен өңірлік ұйымдардың өкілдері авиациялық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша халықаралық диалог орнатуға мүмкіндік бергені және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан мен ИКАО-ға алғыс білдірді.

21 октября 2026
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қазақстан жолдарында заманауи бақылау жүйелері енгізілуде

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылар үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі – көлік құралдарының орташа жылдамдығын автоматты түрде бақылайтын жүйелерді енгізу. Қазіргі уақытта мұндай жүйелер жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын ақылы автомобиль жолдарының 15 учаскесінде жұмыс істейді. 2026 жылдың соңына дейін тағы 13 учаскеде орташа жылдамдықты бақылау жүйесін іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде бақылау жүйесі жалпы ұзындығы шамамен 5,4 мың шақырымды құрайтын 28 жол учаскесін қамтитын болады.

Бұл жүйе көлік құралының екі бақылау нүктесінің арасындағы орташа жылдамдығын есептеп, белгіленген шектен асқан жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл жүргізушілерді жол бойында жылдамдық режимін сақтауға ынталандырып, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар күрделі ауа райы жағдайларында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында лазерлік бағдарлау жүйелері енгізілуде. Қазіргі уақытта осындай 56 құрылғы пайдаланылуда. Олар тұман, боран, нөсер жаңбыр және көру мүмкіндігі шектелген жағдайларда жүргізушілерге жол бағытын дұрыс бағдарлауға көмектеседі.

«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың тағы бір маңызды бағыты – қауіпсіздік талаптарына сай жол инфрақұрылымын дамыту. Соңғы бес жылда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымнан астамы I және II техникалық санатқа сәйкестендірілді. Бұдан бөлек, транзиттік көліктердің елді мекендер арқылы өтуін азайту мақсатында 65 айналма жол және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 38 жерүсті өткелі салынды.

Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу барысында жол жабынын жаңарту, жол белгілері мен қоршаулар орнату, сондай-ақ қозғалысқа қауіп төндіруі мүмкін учаскелерде қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жүргізіледі.

Автожол саласында «Заң мен тәртіп» қағидаты тек заманауи бақылау жүйелерін енгізумен шектелмейді. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – жол қозғалысына қатысушылардың заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Жылдамдық режимін сақтау, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты ұстану және жол қозғалысының өзге де талаптарын орындау – әрбір жүргізушінің міндеті.

Көлік министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, заманауи бақылау жүйелерін енгізу және қауіпсіз жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастырады. Қабылданып жатқан шаралар жолдағы тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қамтамасыз етуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

 

 

21 октября 2026
Қазақстан мен LACAC азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2026 жылғы 20 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Латын Америкасы азаматтық авиация комиссиясының (LACAC) Бас хатшысы Хайме Биндер арасында кездесу өтті.

Тараптар азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, өңіраралық байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстан мен Латын Америкасы мемлекеттерінің авиациялық билік органдары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Еуразиялық азаматтық авиация конференциясы (ЕАCAC) мен Латын Америкасы азаматтық авиация комиссиясы (LACAC) арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ екі өңірлік ұйым арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум жобасын одан әрі пысықтау мәселелері қаралды.

Сонымен қатар ИКАО алаңындағы өзара іс-қимыл және Латын Америкасы мемлекеттерімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиацияның орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында сындарлы диалогты жалғастыруға және әріптестік қатынастарды нығайтуға мүдделілік білдірді.

21 октября 2026
Құлсары қаласында жаңа теміржол вокзалы ашылды

Құлсары қаласында жаңа теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құны 500 млн теңгеден асатын жоба «Исткомтранс» көлік-логистикалық компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай, Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Әдинов, «Исткомтранс» компаниясының бас директоры Алмас Абайделдинов, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Жаңа вокзал 1970 жылдан бері пайдаланылып келген ғимараттың орнына салынды. Бұрынғы вокзалдың ауданы 211 шаршы метр болса, жаңа кешеннің аумағы 846 шаршы метрге жетті. Осылайша, ғимараттың ауданы шамамен төрт есе ұлғайды. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және оларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай еліміз бойынша теміржол вокзалдарының инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл жаңғырту жұмыстары 121 нысанды қамтиды.

«Құлсары – жолаушылар тасымалы үшін маңызды станциялардың бірі. Мұнда күн сайын 10 жолаушылар пойызы қатынайды, ал вокзал қызметін 300-ден астам адам пайдаланады. Сондықтан вокзал инфрақұрылымының сапасы жолаушылардың жайлылығы мен қолайлылығына тікелей әсер етеді. Жаңа вокзал жеке инвестициялар есебінен салынды. Бұл – бизнестің көлік инфрақұрылымын дамытуға және өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешуге үлес қосуының жақсы үлгісі», – деп атап өтті Елдос Нестай.

Жаңа ғимаратта жолаушыларға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, күту залдары, билет кассалары, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камерасы және санитарлық бөлмелер бар. Сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Кешенде олардың қажеттіліктеріне сай жағдай жасалған.

Вокзалдың іргелес аумағы да абаттандырылды. Мұнда перрон жабдықталып, автотұрақ қарастырылған, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылған.

Жаңа вокзалдың ашылуы Құлсары тұрғындары үшін маңызды оқиға әрі өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы елеулі қадам болды. Заманауи кешен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сапарлардың жайлылығын қамтамасыз етуге және теміржол вокзалдарына қойылатын қазіргі заманғы талаптарға сай жағдай жасауға мүмкіндік береді.

21 октября 2026
Авиациялық қауіпсіздік саласындағы әйелдер: адам факторы – саланы қорғаудың негізгі тетігі

Астанада өткен ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week 2026) аясында азаматтық авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі мен саланың кәсіби кадрлық әлеуетін дамытуға арналған «Көзқарас күші: әйелдер, адам факторы және авиациялық қауіпсіздіктің болашағы» тақырыбында панельдік пікірталас өтті.

Пікірталасқа ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, ИКАО Жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі Салтанат Томпиева, ИКАО Аэронавигация бюросының директоры Мишель Меркл, Италия Азаматтық авиация басқармасының өкілі Каролина Бронзоне, Венгрия Азаматтық авиация басқармасының халықаралық қадағалау және киберқауіпсіздік жөніндегі қызметкері Ванда Папп, Біріккен Араб Әмірліктерінің қадағалау және инспекциялар жөніндегі аға директоры Вафа Абдулла Әл-Обайдли қатысты.

Сессияға ИКАО авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және рәсімдерді жеңілдету жөніндегі директордың орынбасары, Әуе көлігі бюросы директорының міндетін атқарушы Соня Хифди модераторлық етті.

Талқылаудың басты назарында авиациялық қауіпсіздік жүйесінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – адам факторы болды. Заманауи технологиялар мен нормативтік талаптар қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізін қалыптастырғанымен, қабылданатын шаралардың тиімділігі көбіне мамандардың кәсібилігіне, қырағылығына, қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, дұрыс шешім қабылдау қабілетіне байланысты. Қатысушылар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, еңбек жолындағы жетістіктері, саладағы сын-қатерлер мен жас мамандар үшін ашылып жатқан мүмкіндіктер туралы әңгімеледі.

Салтанат Томпиева қатысушыларға өзінің кәсіби қалыптасу жолы туралы айтып берді.

«Командамен білім мен тәжірибе бөлісу, тәлімгер болу, кәсіби өсуге жағдай жасау және адамдарды үздіксіз білім алуға ынталандыру маңызды. Менің еңбек жолым мансапты ең төменгі лауазымнан бастап, үлкен жетістіктерге жетуге болатынын көрсетеді. Ең бастысы – үнемі білім алуды жалғастыру, өзіңе жоғары талап қою, кәсіби адалдықты сақтау және жауапкершілікті өз мойныңа алуға дайын болу», – деді С. Томпиева.

Пікірталас барысында кәсіби құзыреттерді дамытуға, тәжірибе алмасуға және әйелдердің авиациялық қауіпсіздік саласындағы кәсіби әлеуетін толық іске асыруына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

«Заманауи технологиялар жастар үшін авиация саласына келудің тиімді мүмкіндігіне айналды. Жұмысқа қабылдау кезінде көбіне кәсіби тәжірибе талап етіледі. Алайда цифрландыру мен киберқауіпсіздік сияқты қарқынды дамып келе жатқан бағыттарда нақты дағдылар, білім және жаңа технологияларға тез бейімделу қабілеті барған сайын маңызды бола түсуде. Дәл осы бағыттарда жастар үшін көптеген мүмкіндік бар», – деп атап өтті Ванда Папп.

«Біріккен Араб Әмірліктерінде үш жылға арналған «Авиация индустриясының болашақ мамандары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама жас мамандарды кәсіби даярлаумен ғана шектелмей, олардың тұлғалық дамуына және күнделікті жұмыс барысында өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Оған ерлер де, әйелдер де қатысады», – деді Вафа Абдулла Әл-Обайдли.

Өз кезегінде ИКАО Аэронавигация бюросының директоры Мишель Меркл әйелдердің дүниетанымы мен мәселелерді шешуге деген өзіндік көзқарасы бар екенін атап өтті.

«Сондықтан мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға тырысамын. Бізде әйелдерді қолдау мен олардың кәсіби ілгерілеуіне ықпал ететін бейресми қауымдастық бар. ИКАО-да өз мансабында үлкен жетістіктерге жеткен тамаша мамандар жұмыс істейді. Біз өзімізді толғандыратын мәселелерді ашық талқылау үшін бас қосамыз», – деді Мишель Меркл.

Сессияны қорытындылаған Соня Хифди әйелдердің эмоциялық дүниесі бай әрі мәселелерге әртүрлі қырынан қарай алатынын атап өтті. Оның айтуынша, практикалық тәжірибені жеткізу, кәсіби құзыреттерді дамыту және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейту ұзақ мерзімді перспективада авиациялық қауіпсіздіктің орнықты жүйесін қалыптастыру үшін айрықша маңызды.

Пікірталас тиімді авиациялық қауіпсіздік жүйесі тек технологиялар мен стандарттарға ғана емес, ең алдымен адамдарға, олардың тәжірибесіне, жауапкершілігіне және бірлесе әрекет ету қабілетіне негізделетінін тағы бір мәрте көрсетті.

 

20 октября 2026
Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер жағдайында авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері туралы  

ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы «25 жылдан кейін: әлемдегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйі» атты панельдік сессиямен жалғасты.

Пікірталастың басты тақырыбы жаһандық авиациялық қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-қатерлер мен саланың болашақ қауіптерге қарсы тұруға дайындығы болды.

          Соңғы 25 жылда әлемдік авиациялық қауіпсіздік жүйесі ауқымды өзгерістерден өтті. Алайда технологиялардың дамуы, жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуы және авиациялық операциялардың күрделене түсуі дәстүрлі тәсілдерді қайта қарауды талап етеді.

Сессия аясындағы пікірталасқа Сьерра-Леоне Азаматтық авиация басқармасының бас директоры Мусайеро Барри, ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және формальдылықтарды жеңілдету жөніндегі директорының орынбасары, Әуе көлігі бюросы директорының міндетін атқарушы Соня Хифди қатысты.

Сессия модераторы Сингапур Көлік министрлігінің халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі аға директоры Бернард Лим болды.

Пікірталасқа сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайының бас директоры Гөкер Көсе, Ресей Федерациясының Көліктегі қадағалау федералдық қызметі басшысының бас кеңесшісі Владимир Черток, Уганда Азаматтық авиация басқармасының (UCAA) авиациялық қауіпсіздік, формальдылықтарды жеңілдету саясаты және реттеу жөніндегі менеджері Джейн Накиму, АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің халықаралық саясат, жоспарлау және өзара іс-қимыл жөніндегі атқарушы директоры Эрик Ятар, ИКАО Аэронавигациялық бюросының директоры Мишель Меркл қатысты.

Талқылаудың негізгі мәселесі қауіп-қатерлерге жауап қайтарудан олардың алдын алуға қалай көшуге болатынына арналды. Қатысушылар стратегиялық болжау, барлау деректеріне негізделген тәуекелдерді бағалау мүмкіндіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен авиация саласы өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастырды.

Уганда Азаматтық авиация басқармасының авиациялық қауіпсіздік, формальдылықтарды жеңілдету саясаты және реттеу жөніндегі менеджері Джейн Накиму қазіргі заманғы сын-қатерлердің күрделілігіне назар аударды.

«Бүгінде авиациялық қауіпсіздік туындайтын қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуді ғана емес, оларды алдын ала болжай білуді де талап етеді. Жаңа технологиялар мен авиациялық процестердің күрделене түсуі алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан халықаралық ынтымақтастық, уақтылы ақпарат алмасу және авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмыс ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Дж. Накиму.

Сессияға қатысушылар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін жаңа технологиялық сын-қатерлерге бейімдеу және мемлекеттердің ықтимал қауіп-қатерлерге дайындығын арттыру қажеттігін атап өтті.

Пікірталас қорытындылары халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға және алдағы жылдардағы авиациялық қауіпсіздіктің стратегиялық міндеттерін одан әрі талқылауға негіз болады деп күтілуде.

 

20 октября 2026
Қазақстан мен Канада азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Астанада өтіп жатқан ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week 2026) аясында Канаданың Көлік министрлігінің өкілі Лиза Сетлаквемен кездесті.

Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, әуежайлар қызметін реттеу және шағын авиацияны дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестік қатынастарды одан әрі нығайтуға және азаматтық авиация саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

20 октября 2026
Астанада ИКАО-ның 2026 жылғы авиациялық қауіпсіздік апталығы ашылды

2026 жылғы 20 қазанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) аясында ұйымдастырылған «Авиациялық қауіпсіздік апталығы-2026» іс-шарасының ашылу рәсімі өтті.

Әлемдік деңгейдегі бұл іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл еліміздің ИКАО-мен халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстан авиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын сақтау деңгейі бойынша әлемдегі жетекші 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Халықаралық талаптарды тиімді іске асыру көрсеткіші 95,7%-ды құрайды.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты.

«Азаматтық авиацияны дамыту халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды талап етеді. Біз халықаралық әуе бағыттарының желісін жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Авиация саласының болашағына сеніміміз зор. Қазіргі уақытта сала қарқынды даму кезеңінде: соңғы алты жылда алты есе өсім байқалды. Мемлекет саланы дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады. Барлық қатысушыларға жемісті жұмыс, пайдалы пікірталастар және ICAO Aviation Security Week 2026 іс-шарасының табысты өтуін тілеймін», – деді Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев құттықтау сөзінде.

«Біз азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу актілерін және олардың салдарынан адам шығынына әкелетін жағдайларды толықтай болдырмауға тиіспіз», – деді ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Ол сондай-ақ: «Біз авиациялық қауіпсіздіктің барлық деңгейін нығайтып, мемлекеттердің әрбір рейстің қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етуі үшін барлау деректерімен және басқа да аса маңызды ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етеміз», – деп атап өтті.

Авиациялық қауіпсіздік апталығының алғашқы күні мемлекеттер мен серіктестердің жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға қолдауын көрсететін серіктестік пен міндеттемелерді растау рәсімі өтті.

Рәсім барысында Америка Құрама Штаттары ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына қаржылық қолдау көрсету ниетін жариялады. Сонымен қатар ИКАО мен Астана халықаралық әуежайы басқарушылық қызметтер көрсету туралы келісімге (Management Service Agreement) қол қойды.

Авиациялық қауіпсіздік апталығы әлемнің 62 елінен келген авиациялық билік органдарының, реттеуші мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, әуежайлардың, авиакомпаниялардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді. Қатысушылар қатарында Бразилия, Венгрия, Италия, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері, Португалия, АҚШ, Таиланд, Франция, Эфиопия және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.

Спикерлер қатарында Канада Көлік министрлігінің (Transport Canada), АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA), Сингапур Көлік министрлігінің, Африка және Латын Америкасы азаматтық авиация комиссияларының, ИКАО Кеңесі мен Хатшылығының, сондай-ақ Еуропа, Африка, Азия және Америка елдерінің ұлттық авиациялық билік органдарының жоғары лауазымды өкілдері бар.

Үш күн бойы қатысушылар жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытудың негізгі сын-қатерлері мен перспективаларын талқылайды.

ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының бағдарламасы осы саладағы өзекті мәселелерге арналған жоғары деңгейдегі бірқатар пікірталас сессияларын қамтиды.

Атап айтқанда, сессияларда соңғы 25 жылдағы әлемдік авиациялық қауіпсіздік жүйесінің жай-күйі, электрондық коммерцияның қарқынды дамуы жағдайында әуе жүктері мен пошта тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қарулы қақтығыс аймақтарының үстінен және оларға жақын әуе кеңістігінде ұшуларды орындау мәселелері қарастырылады.

Азаматтық авиацияның киберқауіпсіздігіне, аудит қорытындылары бойынша берілген ұсынымдарды іске асыру тиімділігін арттыруға, Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспарын (GASeP) орындауға, қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртуға және саланың кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылады.

Арнайы іс-шаралар аясында ИКАО, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Терроризмге қарсы комитеті Атқарушы директораты (UNCTED) және БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасының (UNOCT) бірлескен іс-шарасында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар авиациялық қауіпсіздік саласына әйелдердің қатысуын кеңейту және ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлауға бағытталған жаңа стратегиясын (NGAP AVSEC Strategy) іске асыру мәселелері қарастырылады.

Апталықтың ашылу салтанаты барысында 2024 жылғы желтоқсанда ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығын қабылдаған Оман Сұлтандығынан Қазақстанға іс-шараны ұйымдастырушы елдің символикалық мүсіншесін табыстау рәсімі өтті.

ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы 2027 жылы Монреаль қаласында (Канада) өтетін Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үшінші жоғары деңгейдегі конференцияға (HLCAS/3) дайындықтың маңызды кезеңіне айналады.

Іс-шара 22 қазанда «Астанадан жолдаулар» (Messages from Astana) атты қорытынды сессиямен аяқталады.

ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының Қазақстанда өткізілуі еліміздің халықаралық авиациялық қоғамдастықтағы рөлінің артып келе жатқанын және азаматтық авиацияның жаһандық қауіпсіздік жүйесін дамытуға қосып отырған үлесін айқындайды.

Анықтама: ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week) 2001 жылдан бері әлемнің түрлі елдерінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының аясында өткізіліп келеді. 2024 жылы Оманда өткен соңғы іс-шара барысында жоғары деңгейде «Авиациялық қауіпсіздік және авиациядағы киберқауіпсіздік жөніндегі Маскат декларациясы» қабылданды.

 

Социальные сети
ҚР ИИДМ Көлік комитеті
komitettransporta
Комитет транспорта МИИР РК
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы