
2024 жылғы 3 қазанда Ашхабадта Транскаспий көлік дәлізін ілгерілету бойынша Еуропалық Одақ – Орталық Азия үйлестіру платформасы шеңберінде жоғары деңгейдегі кезекті екінші кездесу өтіп, онда ҚР Көлік министрлігінен Вице-министр Талғат Ластаев баяндама жасады.
Бұл платформа ТХКБ дамыту үшін мониторинг және ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тетікті құруға бағытталған ЕО мен ОА арасындағы тұрақты көлік байланыстары жөніндегі Global Gateway инвестициялық форумының негізгі нәтижесі болып табылады.
Кездесу Халықаралық әріптестік жөніндегі Еуропалық комиссар Ютта Урпилайнен мен Түрікменстан Министрлер Кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігінің бас директоры Мамметхан Чакыевтің тең төрағалығымен өтті.
Кездесуге сондай-ақ Орталық Азия елдерінің, Кавказ өңірінің, Алып жеті елдің көлік ведомстволарының басшылары, Түркіменстандағы Еуропа елдерінің елшілері, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Айта кетсек, 2024 жылғы 12 маусымда Астанадағы алғашқы кездесуден кейін Еуроодақ Қазақстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен 3 елдік семинарын өткізді. Бұл семинарларда инвестицияларды тарту арқылы бірлесіп іске асыруға ашық нақты инфрақұрылымдық жобалар қаралды.
Сондай-ақ, Тәжікстанмен және Түркіменстанмен ағымдағы жылдың соңына дейін елдік семинарлар өткізу жоспарлануда.
Үйлестіру платформасының пайымына сәйкес, бірінші кезең Орталық Азия елдерінің өздері арасындағы тиімді өзара байланысты қамтамасыз етеді, кейіннен Еуроодақпен өңірлік байланысты дамытады.
Бұл алаң өңірлер арасындағы жүк ағынын ұлғайту, орнықты және қауіпсіз инфрақұрылымды, ТХКБ бағыты бойынша ашық және қолжетімді көлік қызметтерін құру үдеткіші қызметін атқарады.