Жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау қызметіне бақылау күшейтілді

Жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау қызметіне бақылау күшейтілді

Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес карантин режимі енгізілген уақыттан бастап жолаушыларды қалааралық, облысаралық және қала ішіндегі қоғамдық көліктермен тасымалдауға уақытша шектеулер енгізіліп, тоқтатылған болатын.

Осы орайда, карантин режиміне қарамастан заңсыз тасымалдаушылар пайда болып, халық арасында қауіпті індеттің жұқтыруына жол берушілер көбеюде.

Осындай заңсыз тасымалдаушылардың әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтардағы Көліктік бақылау инспекциялары күшейтілген режимде құзырлы органдармен бірлесе отырып жұмыстар атқаруда.

Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының ақпаратына сәйкес қала аумағында заңды түрде тіркелген 8 такси мекемесі 2000 автокөлік жолаушыларға қызмет көрсетеді.

Сондай – ақ, қала аумағында карантин енгізілген уақытта қаладағы қоғамдық автокөліктердің қозғалысы жолаушылардың ағымын ескере отырып қамтамасыз етілуде, яғни таңғы сағат 07:00 бастап 11:00-ге дейін және кешкі сағат 17:00-ден бастап 20:00-ге дейін жүру рұқсат етілген.

Басқа уақыттарда жолаушылар такси тасымалының қызметін пайдаланғандықтан, бұл қызметке деген сұраныс жоғарылаған.

Алайда қала аумағында бұл мекемелерден басқа арнайы хабарлама берместен заңсыз қызмет көрсеткен «Яндекс» және «InDriver» жеке такси қызметі пайда болған. Бұл мекемелерде заңсыз қызмет көрсетіп жатқан 8000-ға жуық автокөлік қызмет атқарады. Яғни Шымкент қаласы аумағындағы жылпы такси қызметінің 88 %пайызын құрайды.

Бұл жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың орта есеппен тапсырыстың құны 600 теңгені құраса, тәулігіне орта есеппен 64000 тасымал қызметін жүзеге асырады. Яғни 1 тәулікте 32 млн. теңге және айына 960 млн теңге қаржы көлеңкелі бизнеске айналып отыр.

Бұл ретте, Шымкент қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау қызметіне көліктік бақылау жұмыстарын жүргізді.  Бақылау жұмыстарының нәтижесінде 1 айлық бақылау жұмысы барысында жолаушыларды таксимен тасымалдау қызметінде 130 құқық бұзушылық анықталып отыр, бұл жалпы статистиканың 1,1% пайызын құрайды. Хабарламасыз жолаушылар тасымалдау қызметі, яғни ҚР ӘҚБтК 463 бабының 1 бөлігімен 20 әкімшілік іс қозғалып, шара қолдану үшін соттың қарауына жолданды.

Сонымен қатар, аумақтарда жолаушыларды таксимен заңсыз тасымалдауға тосқауыл қою мақсатында, тиісті құзырлы органдармен бірлескен жұмыс тобын құрып, ағымдағы жылдың тамыз айының 1-ші он күндігінде кеңейтілген отырыс аясында жолаушыларды таксимен заңсыз тасымалдауды тоқтату шараларын талқылау жоспарлануда.

 

ҚР ИИДМ Көлік комитетінің баспасөз қызметі