
Бүгін Көлік министрі Марат Қарабаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды. Сапар барысында ведомство басшысы "Сары-Арқа" әуежайына, Қарағанды қаласының №3 автобус паркіне және теміржол вокзалына барды. Сонымен қатар министр өңір тұрғындарымен кездесті.
Қарағандылықтардың арқалап келген мәселелерінің басым бөлігі өңірдің ең негізгі деген жолдарында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ жаңа қалааралық әуе рейстерін ашуға қатысты болды. Өңір тұрғындарымен кездесу барысында Көлік министрі жол құрылысы маусымы аясында қолға алынған жөндеу жұмыстары туралы айтып берді.
"Орталық-Оңтүстік дәлізіне жататын Қарағанды-Балқаш күре жолының құрылысы 85 пайызға аяқталды. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 363 шақырымды құрайды. Қарағанды-Балқаш күре жолының бойында айналма жолдар мүлдем қалған жоқ. Жоба аясында 46 жасанды құрылыс қарастырылған. Оның бәріне дерлігі аяқталды. Мәселен, қазір11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін арналған 32 жол өтпесі, көлік айрығы және темір жол арқылы өтетін жол өтпесінің құрылысы толық аяқталды, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай - ақ, жолшылар асфальттың жоғарғы қабатын төсеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тосқауыл қоршауларын орнатуда", - деп атап өтті Марат Қарабаев.
Облыс тұрғындары Қарағанды-Павлодар, сондай-ақ Қарағанды-Қарқаралы бағытындағы жолдардың сапасы көңіл көншітпейтінін атап өтті.
"Биылғы жылы министрліктің автомобиль жолдары комитеті Қарағанды облысының республикалық маңызы бар 600 шақырымға жуық жолын жөндеу жұмыстарымен қамтыды. Бұның ішінде қайта құру (реконструкция) жобалары да, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары да кіреді. Қарағандыдан Павлодарға апаратын жол айтарлықтай жақсарады. Егер былтыр бұл жолдың шамамен 60 шақырымы жөнделсе, биыл тағы 60 шақырым жол жөнделеді. Тиісінше, жолдың басым бөлігі жаңартылмақ", - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, биыл Қарағанды-Қарқаралы автожолының шамамен 135 шақырымын жөндеу жұмыстарымен қамту көзделіп отыр. 2024 жылға дейін мамандар бұл жолдың 60 шақырымнан астам бөлігін жөндеді. Жолдың жалпы ұзындығы 200 шақырым екенін ескерсек, бұл жол да толығымен жөнделеді. Жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.
Қарағанды облысындағы Көбетей және Нұра, сондай-ақ Ынтымақ және Теміртау ауылдары арасында да жаңа асфальт жабыны төселеді.
Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көлік саласына жауапты министрлік рекордтық 12 мың шақырым автожолды жөндеу жұмыстарымен қамтуды жоспарлап отыр. Салынған сәттен бастап жөндеу жұмыстарын көрмеген жолдарға басымдық берілетін болады.
Министрдің Қарағанды облысына сапары барысында келесі жылы "Сары-Арқа" әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, сондай-ақ перрон техникасын алу жоспарланғаны белгілі болды.