Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қазақстандық теңіз порттарында жүктерді ауыстырып тиеу көлемі артты

Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қазақстандық теңіз порттарында жүктерді ауыстырып тиеу көлемі артты
 
Транскаспий халықаралық көлік бағытының(ТХКБ) әлеуетін арттыру мақсатында ҚР Көлік министрлігі Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдауды ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
 
Мәселен, биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша аталған бағытта жүк тасымалы көлемінің өсімі 15 пайызды құрады. Құрық порты арқылы жүк көліктерінің өтуі 34 пайызға, ал Ақтау порты арқылы өтетін контейнерлер саны 27 пайызға өсті.
 
Қытайдан ЕО елдеріне контейнерлік транзиттің өтуі 3,4 есе артқанын ерекше атап өткен жөн.
 
Сонымен қатар, биыл Құрық портын тереңдету жұмыстары жоспарлануда. Бұл кемелердің портқа кіруі үшін жеткілікті тереңдікті қамтамасыз ету үшін қажет. Темір жол және су көлігі комитетінің өкілдері жұмыс сапары барысында Құрық портының суын тереңдету бойынша дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Мамандар негізгі жұмысқа биыл жаздың ортасында кіріседі.