Қазақстан әлемнің 42 елімен автокөлікпен халықаралық жүк тасымалдауды жүзеге асырады, оның 40-ы рұқсат беру жүйесін көздейді. 2023 жылы осы мемлекеттермен 270,8 мың бірлік көлемінде шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізілді. Отандық тасымалдаушылар арасында шетелдік рұқсат бланкілері автоматтандырылған жүйе арқылы бөлінді.
Бланкілерді бөлу жүйесінің алгоритмі белгілі бір мемлекетке олардың жұмыс жолын ескере отырып, жекелеген тасымалдаушыларға жыл бойына құжаттардың белгілі бір санын бекітуді көздейді.
Осылайша, бұрын жасалған жүйе бәсекелестікті шектеу үшін жағдай жасайды. Бұл ретте пайдаланылмай қалған рұқсат бланкілерінің артылып қалуы байқалып, олар жыл соңында жүйеге қайтарылады. Мәселен, 2023 жылы пайдаланылмаған бланкілердің 53% қайтарылған.
Бұдан басқа, қолданыстағы әдістемеге сәйкес шетелдік рұқсат бланкілері тасымалдаушыларға 100 күнтізбелік күн мерзімге бос форматта беріледі. Бұл тәсіл көлеңкелі нарықта алыпсатарлық бағамен бланкілерді қайта сатуға қолайлы жағдай жасайды.
Бланкілерді бөлудің пайдаланылып келе жатқан жүйесінің жетілмегендігіне байланысты және жүк тасымалдау нарығында әділ жағдайлар жасау әрі әділ бәсекелестікті дамыту мақсатында ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті рұқсат бланкілерін бөлудің жаңа тәртібін әзірледі.
Ол қазақстандық тасымалдаушыларға қандай да бір шектеусіз рұқсат бланкілерін беруді көздейді. Сондай-ақ аталған механизм рұқсат беру процестерінен адами факторды және көлеңкелі нарықта құжаттарды қайта сатудың алғышарттарын алып тастайды.
Шетелдік рұқсат бланкілері тасымалдаушыларға ХҚКО арқылы, машиналарды рейске жібермес бұрын беріледі деп болжанып отыр.
Халықтың пікірін барынша қамту және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында биыл 11 қаңтар мен 2 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірінен келген тасымалдаушылардың, сондай-ақ көлік прокуратурасы, Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласында кеңейтілген көшпелі кеңес өткізілген болатын.
Ашық талқылау туралы ақпарат Qazaqstan және Atameken Business телеарналары, Zakon.kz, Tengrinews.kz, DKNews.kz, KазТАГ интернет-басылымдарында, блогерлер мен қоғам қайраткерлерінің парақшаларында жарияланды.
2024 жылғы 16 наурызда бұйрықтың жобасы шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігін енгізу бөлігінде ашық НҚА порталында орналастырылды.