
ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі келісімді ратификациялау» туралы ҚР Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Келісімде екі ел арасындағы автомобиль тасымалын жасау үшін құқықтық нормалар белгіленген. Онда рұқсаттама бланкілерімен алмасу квоталарын және оның түрлерін белгілеу тәртібі реттелген.
Келісімді жүзеге асыру автомобиль тасымалын және Қазақстан-Әзірбайжан сауда-экономикалық ынтымақтастығын әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді.
2017 жылы екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі 31%-ға өсіп, 9,0 мың тоннаны құрады. Барлығы 600 рейс жасалды. Негізгі тасымалданатын жүктер - жабдықтар, өсімдік пен малдан алынатын өнімдер, қара және түсті металлдар, дайын азық-түлік өнімдері.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстан 41 елмен автомобильдік тасымал келісімін жасасқан.