Көлік министрі Көкшетау қаласындағы көлік инфрақұрылымының негізгі объектілерінің жұмысымен танысты

Көлік министрі Көкшетау қаласындағы көлік инфрақұрылымының негізгі объектілерінің жұмысымен танысты

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Көлік министрі «Астана-Көкшетау» ақылы трассасы бойынша жүріп өтіп, облыс орталығындағы теміржол вокзалының, автовокзалдың және әуежайдың қызметімен танысты.

Көкшетау теміржол вокзалы 1981 жылы бой көтерген. Теміржол бекеті бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншісінде. Нысанда 2 жолаушылар платформасы бар, тәулігіне орта есеппен 1,8 мың жолаушыға қызмет көрсетеді.

Соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2003 жылы жүргізілген. Қазіргі уақытта аталған инфрақұрылым құны 3 млрд теңге болатын жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Көкшетау қаласындағы автовокзал теміржол вокзалымен бір уақытта салынған. Аталған нысан жеке меншіктің иелігінде, тұрақты негізде ауданаралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық маршруттарда жолаушыларға қызмет көрсетеді. Пандемиядан кейінгі кезеңде автобус қызметі біраз қиындықтарға тап болды.

Қаладағы әуежай 1972 жылдан бастап аэродром пайдалануға берілген кезден бастап жұмыс істейді. Терминал 1975 жылы салынған. Ұшу-қону жолағы мен аэровокзал ғимаратын қайта құру жұмыстары соңғы рет 2010-2013 жылдары жүргізілген. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыны құрайды. 2023 жылдың 11 айында 35 мың адамға қызмет көрсетілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 2 есеге аз.

Бүгінгі таңда Көкшетау қаласынан Алматы, Шымкент және Ақтауға 8 рейс жүзеге асырылады. Жолаушыларды әуе көлігімен Qazaq Air және SCAT әуекомпаниялары тасымалдайды.

Қазіргі уақытта Көкшетау әуе айлағы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ филиалы болып табылады.