
Көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитетімен халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз жалғасын табуда.
Осылайша, келесі жылдың 16 қаңтарынан бастап Wizz Air Abu - Dhabi әуе компаниясы Түркістан – Әбу-Даби бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосады. Рейстер Airbus A321 үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 3 рейс жиілігімен орындалады деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда, аталған рейстер сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері жүзеге асырылатын болады.
Жаңа әуе бағыты бойынша рейстерді іске қосу Түркістан қаласының тұрғындарына Әбу-Даби қаласы арқылы транзитпен басқа бағыттар бойынша одан әрі ұшуға мүмкіндік береді. Жаңа халықаралық әуе бағытының ашылуы Қазақстан мен БАӘ арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туризм және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етпек.