
ҚР Көлік министрлігінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көлік-энергетика факультетінің оқытушылары мен студенттері үшін Ашық есік күні өтті.
Келушілерді Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әли қарсы алды. Ол министрліктің және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметі туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді және көлік қозғалысын бақылауды қамтамасыз етудегі негізгі буын болып табылатын Комитеттің Ахуалдық орталығының қызметі туралы айтып берді.
Ахуалдық орталық «Техникалық байқау», «Кеден одағы модулі», «Жол қозғалысын шектеу картасы» және басқа да ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алатын арнайы құрылғылармен және компьютерлермен жабдықталған.
Комитет басшысы көлік-коммуникация кешенінің негізгі міндеттеріне көліктік бақылау инспекторларының іс-әрекеттеріне қатысты өтініштерді қабылдау және қарау, көліктік бақылаудың стационарлық және жылжымалы бекеттерін бақылау және онлайн аудио/бейнемониторинг, сондай-ақ автомобильдерді өлшеудің автоматтандырылған жүйелерінен алынған деректерді талдау кіретінін атап өтті.
Ахуалдық орталыққа барған студенттер тарапынан көліктік бақылау инспекциясының қызметіне, көлікті автоматты өлшеу станцияларының желісін кеңейту перспективаларына және жол құрылымдарының бұзылуымен автомобильдердің қозғалысы арасындағы өзара байланысқа қатысты бірқатар сұрақ туындады.
Алтай Әли барлық қойылған сұраққа толыққанды жауап беріп, жыл басынан бері көлік заңнамасын бұзғаны үшін 1,5 млрд теңгеге 27 мың әкімшілік акт толтырылғанын атап өтті. Сондай-ақ ірі габаритті және ауыр салмақты автокөлік құралдарынан 10 млрд теңгеден астам сомада алымдар өндірілген.