
Жұмыс аптасының алғашқы күні ұйымдастырылған жиналысты Көлік министрі Марат Қарабаев өзі жүргізді
Бұл аталған ведомство Көлік министрлігі болып қайта құрылғаннан кейін барлық қызметкердің басын қосқан алғашқы жиын болды. Отырыс барысында күн тәртібіндегі әрі жалпы жұмыс барысында туындайтын маңызды мәселелер қаралып, талқыланды.
«Ашық микрофон» форматында өткен отырыста қызметкерлер министрлік басшысына өз сұрақтарын емін-еркін жолдап, көкейлерінде жүрген сауалдарына толыққанды жауап алды.
«Қызметкерлерден тиімді жұмыс пен жақсы нәтиже талап етпес бұрын, алдымен, жайлы әрі сапалы орта қалыптастырып, алаңсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек», деп атап өтті министр.
Жиын соңында қызметкерлермен бірлесе отырып алдағы уақытқа жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру барысы талқыланып, бекітілді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екіге бөлініп, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі қайта құрылған болатын. Министрлік теміржол, автомобиль жолдары, ішкі су көлігі, теңізде жүзу, сонымен бірге әуе кеңістігін пайдалану салаларында басшылық етеді.
Бүгінде ведомство құрылымында 800-ден астам қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде, 358 адам министрліктің орталық аппаратында және аумақтық бөлімшелерде 449 қызметкер бар.