
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметін оңтайландыру шеңберінде ҚР НҚА-ға өзгерістер енгізіліп, аталған қызмет түрін көрсету мерзімі 22 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін, ал талап етілетін құжаттар тізбесі 4 данадан бір құжатқа дейін қысқартылды. Сонымен қатар біліктілік комиссиясына ауызша емтихан тапсырудың орнына компьютерлік тестілеу енгізіліп жатыр.
Еліміздің барлық өңірінде қолжетімді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында әр мамандық бойынша 600 тест сұрағы жүктелген. Аталған мамандықтардың қатарында, капитан, механик және оның көмекшісі, электромеханик, командир мен су түбін тереңдету және су түбін тазарту снарядтары командирлері мен олардың көмекшілері бар. Тест тапсыру кезінде 40 минуттың ішінде 20 сұраққа жауап беру қажет, кем дегенде 16 сұраққа дұрыс жауап беру талап етіледі.
Бүгінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ы «Е-лицензиялау» порталы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің интеграциясын, сондай-ақ дипломды «Цифрлық құжаттар» сервисіне шығару бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Осылайша, Көлік министрлігі Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен бірлесе отырып, Астана қаласындағы Есіл ауданының №2 ХҚКО-да ҚР Үкіметі аппаратының өкілдерінің қатысуымен аталған қызмет түрі бойынша тестілеудің барысын бағамдап көрді. Демонстрация барысында тестілеуді өткізу үрдісі көрсетіліп, жылдың соңына дейін аталған мемлекеттік қызмет түрін толыққанды автоматтандыру бойынша мәселелер пысықталды.
Көлік министрлігі азаматтар мен бизнес өкілдері үшін ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп келеді.