ҚР Үкіметінің азаматтарды қабылдау орталығында Марат Қарабаев азаматтармен жеке кездесті

ҚР Үкіметінің азаматтарды қабылдау орталығында Марат Қарабаев азаматтармен жеке кездесті

Көлік министрлігінің басшысымен кездесуге Астана, Алматы қалалары мен Абай, Ақмола, Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрғындары жеке мәселелерімен жазылды

«Инклюзивті қоғамды дамытудың Еуразиялық қауымдастығы» ЗТБ өкілі В.Пак, А.Сарқұлов және «Қолжетімді Қазақстан» жобасының еріктісі Г.Ахмолдина көлік саласындағы ынтымақтастық бағыттары бойынша, атап айтқанда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көлік инфрақұрылымының кейбір әлеуметтік маңызды объектілерінің қолжетімсіздігіне және жұмыстарды дамыту және үйлестіру үшін мүгедек адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен әдістемелік кеңес құруға қатысты мәселелерді талқылауға келді.

Авиатор Т.Қарамурзиев министрге ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде салалық нормаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтып берсе, елорда тұрғыны Ж.Әзімханқызы IQ 408 «Шымкент-Астана» рейсін орындау кезінде Qazaq Air авиакомпаниясы қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымданды.

Тараз қаласынан О.Тоқбергенов теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелдерінде қоршаулар орнату және Жамбыл облысының станцияларында бейнекамералар орнату қажеттігі туралы сауалдарын жолдады.

Сөз кезегінде Қосшы қаласының тұрғыны және мәслихат депутаттары М.Шарафутдинова-Рсалиева, И.Осипова және Б.Абдрахманов Астана-Қабанбай батыр-Киевка-Теміртау республикалық тас жолындағы жарықтандыру мәселесі мен бағдаршамдарды орнату, сондай-ақ Ақмола облысының Тайтөбе ауылында жолдарды күрделі жөндеуге қатысты сұрақтар қойды.

«Ауыл» партиясы филиалының және «Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі саясатына жәрдемдесу орталығы» РҚБ Абай облысы бойынша басшысы С.Байғалиев Көлік министрлігінің басшысына автомобиль жолдарын салу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, көлік бақылау бекеттерін орнату және шамадан тыс жүктемені өлшеудің автоматтандырылған құрылғыларына қатысты мәселелермен жүгінді.

«Геодор» ЖШС құрылтайшысы және өндіріс жөніндегі директоры А.Сапарханов министрмен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-мен ынтымақтастықта әзірленген инновациялық полимерлі қоспаны еліміздің жол учаскелерінде сынақтан өткізу туралы әңгімелесті.

Бірқатар азамат министрге көлік бақылау инспекциясының қызметі туралы сұрақтармен жүгінді. Барлық өтініш білдірушілерге толыққанды жауаптар қайтарылды.