Көлік министрлігінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті

Көлік министрлігінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға ведомство ұжымы мен оған қарасты мекемелердің өкілдері қатысты

Салтанатты жиынды ведомство басшысы Марат Қарабаев бастап беріп, жиналғандарды айшықты мейраммен құттықтады.

«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болған еді. Енді бұл күн – мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның айқын символы ретінде кең көлемде аталып өтетін болады. Осылайша Республика күнінің қайта бекітілуі маңызды тарихи шешімдердің біріне айналды. Өйткені қайта жаңғырған ұлттық мереке халқымызды одан әрі еркіндікке жетелеп, сан жылдар бойы армандаған егемендік бүгінде ғасырлар тарихынан сыр шертері анық», – деді министр.

Сонау 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан өз егемендігі туралы декларация қабылдаған болатын. Бұл – тұғыры биік төл мемлекеттілігімізді қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам еді. Маңызды құжатта елдің саяси-құқықтық дербестігінің тұңғыш бағдарламасы баяндалды. Сонымен бірге мемлекет аумағының тұтастығы мен ұлттық қадір-қасиетті нығайту жолындағы маңызды міндеттер айтылды.

Марат Кәрімжанұлы өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табысы – халқымыздың бейбітсүйгіштік қасиеті мен өзара татулығының нәтижесі екендігін атап өтті.

«Рухы асқақ, намысы өр бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы мақсаты – азаттықты аялау болса, біздің асыл мұратымыз – егемендіктің тұғырын баянды етіп сақтау», – деді Марат Кәрімжанұлы.

Жиын барысында сала мамандары мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек бір топ қызметкерге Көлік министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.

Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Самат Гилимов, SCAT авиакомпаниясы АҚ вице- президенті Владимир Сытник және «Қамқор Вагон» ЖШС бас директоры – «Қазақстан вагон жөндеу кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ бас директоры Сәкен Төлебаев марапатталды.

Ал ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «КАЖ сервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының № 6 жол пайдалану учаскесінің механик маманы Төлеген Хасенов наградталды.

Мерекелік іс-шара барысында «Ерен еңбегі үшін» медалімен Көлік комитеті Ахуалдық орталығының бас сарапшысы Асан Жамбылбек, Көлік комитеті Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Серік Башимов, Көлік комитеті Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының бас сарапшысы Нұрсұлу Жәмілова, «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ бас директоры Меруерт Жолдыбаева, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» ШЖҚ РМК Павлодар облысы бойынша сынақ зертханасының сарапшысы Людмила Ковтарева, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы жол-пайдалану учаскесінің тиеу машинисі Ерболат Туебаев марапатталды.