
Темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында 13-14 қараша күндері Астанада ҚР Инвестициялар және даму Бірінші вице-министрі Роман Склярдың және Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік темір жол Әкімшілігі бастығының орынбасары, қытай делегациясының басшысы Юй Чуньсяоның басшылығымен темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі еншілес кіші комитеттің кезекті 12-ші отырысы өтті.
Кездесу барысында тараптар темір жол көлігі саласында өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады және тараптар екі ведомство мен темір жол компанияларының бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде екі ел территориясында транзиттік және жүк тасымалы үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Тек Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 2018 жылдың 10 айында контейнерлік тасымал көлемі 235 мың бірлікке жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54%-ға жоғары.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекаралық өткелдер арқылы жалпы жүк ағынының ұлғайғаны айтылды. Биылғы жылдың өткен кезеңінде жүк тасымалының жалпы көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 -ға артып, 11,5 млн.тоннаны құрады.
Отырыс барысында тараптар тасымал көлемін ұлғайту және ұлттық теміржол компаниялары арасындағы өзара іс-қимылға жағдай жасау жұмыстарын жалғастыратын болып келісті.
Кездесу қорытындысы бойынша, теміржол саласындағы бірлескен іс-қимыл ынтымақтастығы жөніндегі Қазақстан-Қытай еншілес кіші комитетінің 12-ші отырысының хаттамасына қол қойылды.