Министрлікпен «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды

Министрлікпен «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020-2022 жылдарға арналған «Жол картасын» іске асыру шеңберінде 2021 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейінгі кезеңде
ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілер мен тасымалдаушылар арасындағы көлік тәртібін арттыру, жолаушыларды, оның ішінде таксиді заңсыз тасымалдаушыларды анықтау, автокөлік құралдарының техникалық жай-күйіне сәйкестігі және автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының мөлшерін бақылауды күшейту мақсатында көліктік бақылаудың аумақтық органдарымен «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды.     

Іс-шараның нәтижелері бойынша 2021 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазан аралығында ҚР аумағында 877 автокөлік тексеріліп, жолаушылар тасымалын жүзеге асыру кезінде автомобиль көлігі саласындағы заңнаманың бұзушылықтары бар 496 автокөлік анықталып, оларға 612 әкімшілік хаттама толтырылды.

Негізгі бұзушылықтар «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының» талаптарын сақтамау бөлігінде анықталды. Атап айтқанда, автобустар мен шағын автобустардың санитарлық жағдайына, сыртқы безендірілуіне және жабдықталуына қойылатын талаптар.

Сонымен бірге, «Автобус» іс-шарасын жүргізу кезінде «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес келмейтін шет мемлекетте тіркелген автомобиль көлік құралдарымен жолаушыларды каботаждық тасымалдауды жүзеге асырудың 15 фактісі және жолаушылар мен багажды тіркеусіз және рұқсатсыз заңсыз тасымалдауды жүзеге асырудың 30 фактісі анықталып, олардың нәтижелері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Аумақтық көліктік бақылау органдарымен жолаушылар тасымалы саласындағы бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу бойынша жұмыс одан әрі жалғасатын болады.