
2018 жылдың 7 желтоқсанында Порттың теңіз әкімшілігі «Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру» мемлекеттік қызметін жеңілдетілген жаңа тәртіпте көрсете бастады.
Атап айтқанда, бұдан бұрын қызмет алушыдан талап етілетін тұрғылықты жері немесе уақытша тұратын орны бойынша тiркеу туралы анықтама алынып тасталды. Сонымен бірге, қызмет көрсету мерзімі 30 күнтізбелік күннен 13 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Оның ішінде 10 күн ұлттық қауіпсіздік органдарының куәлікті тапсыруға келісім беруіне кетеді.
Жаңа тәртіп аталған куәліктерді ресімдеу қағидаларында (ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 520 қаулысы), сондай-ақ қызметтің стандартында (ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 22 қазандағы № 720 бұйрығы) белгіленген. Көрсетілген шараларды іске асыру мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру аясында жүргізіледі.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта теңіз кемелерін тіркеу саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жұмыстары атқарылып жатыр. 2019 жылы толық аяқтау жоспарланған.