
Астанада Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Дамир Кожахметов пен Чехия Республикасының Көлік министрі Иван Беднариктің қатысуымен көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша қазақ-чех дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, көлік қауымдастықтарының және іскерлік топтарының өкілдері де қатысты.
Кездесу барысында тараптар теміржол және әуе көлігі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ чех компанияларын Қазақстандағы көлік жобаларын іске асыруға тарту перспективаларын талқылады.
Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуда Чехияның тәжірибесі мен технологияларын қолдану мүмкіндіктеріне, сондай-ақ екі ел кәсіпорындары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды.
Вице-министр Дамир Кожахметов Қазақстанның чехиялық әріптестермен практикалық өзара іс-қимылды дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға, іскерлік байланыстарды дамытуға және көлік саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.