
Астанада өткен New Silk Way VIII халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумында Қазақстанның азаматтық авиациясын дамыту перспективалары, авиациялық хабтар құру, отандық әуе тасымалдаушылары мен әуежайлар үшін жаңа мүмкіндіктер мәселелері талқыланды.
ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында саланы дамытудың негізгі нәтижелері мен басым бағыттарын таныстырды.
2026 жылдың тоғыз айында қазақстандық авиакомпаниялар 12,4 млн жолаушы тасымалдады, ал әуежайларда 136,5 мың тонна жүк өңделді. Халықаралық маршруттық желі 31 ел мен 137 бағытты қамтиды. Қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар 24 жаңа әуе бағытын ашты.
Саланың алдағы кезеңге арналған міндеттерін іске асырумен қатар, Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) бірлесіп, 2050 жылға дейінгі мастер-жоспар әзірленуде. Құжат саланы ұзақ мерзімді дамыту моделін айқындауға бағытталған.
Басым бағыттардың қатарында жүк авиациясын дамыту да бар. Мемлекет отандық жүк тасымалдаушыларды қолдау шараларын көздеген. Олардың қатарында жүк әуе кемелерінің жекелеген санаттарын жеңілдікпен әкелу және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейту бар.
Авиация нарығына қатысушылар да нақты даму жоспарларын ұсынды. Астана әуежайы 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын таныстырды. Ол екінші ұшу-қону жолағын салуды, жүк инфрақұрылымын кеңейтуді және цифрландыруды қамтиды. Қарағанды әуежайы QarGo Hub тұжырымдамасын дамытуда және ағымдағы жылы жүк ағыны 61 мың тоннаға дейін өседі деп болжап отыр. Ақтауда 400–500 млн АҚШ доллары көлемінде әлеуетті инвестиция тартуды көздейтін авиациялық-логистикалық хаб жобасы таныстырылды.
Ішкі әуе тасымалдарының қолжетімділігіне де ерекше назар аударылды. Петропавл әуежайының өкілі шағын өңірлік әуежайлардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету және одан әрі дамыту мәселелерін көтерді.
SCAT авиакомпаниясы Шымкентте авиациялық хабты дамытуға арналған ауқымды бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету саласын дамыту мен әуежай инфрақұрылымын кеңейтуді қоса алғанда, 12 инвестициялық жобаны қамтиды. Vietjet Qazaqstan ішкі авиация нарығын дамыту жөніндегі өз көзқарасын ұсынып, әуе тасымалдарының қолжетімділігін арттыру және саланың тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарын білдірді. Ұлттық жүк тасымалдаушы Alatau Air Cargo жақын уақытта ұшуды бастауға дайындалуда.
Сонымен қатар авиацияны дамыту саланың барлық қатысушыларының ортақ міндеті ретінде қарастырылады. Салтанат Томпиева авиакомпаниялармен, әуежайлармен және нарықтың басқа да қатысушыларымен тұрақты диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай тәсіл мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде саланың нақты қажеттіліктерін ескеруге және тасымалдарды дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды бірлесіп айқындауға мүмкіндік береді.