Жолдың цифрлық паспортынан жасанды интеллектке дейін

Жолдың цифрлық паспортынан жасанды интеллектке дейін

Төлеген Абдуллин «NEW SILK WAY» халықаралық бизнес-форумында автомобиль жолдарының қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді таныстырды.

15 қазанда VIII халықаралық «NEW SILK WAY» бизнес-форумы аясында «Интеллектуалдық жол инфрақұрылымы» тақырыбында панельдік сессия өтті. Сессия барысында Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин жол желісін басқару, жол жұмыстарының сапасын бақылау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды енгізу барысы туралы баяндады.

Басты бағыттардың бірі – жолдардың жай-күйі, жөндеу жұмыстары, мердігер ұйымдар мен анықталған ақаулар туралы мәліметтерді біріктіретін бірыңғай e-Joldar цифрлық платформасын құру. Бүгінде 40 мың шақырым жолдың цифрлық паспорты әзірленген. Алдағы уақытта платформа әртүрлі деңгейдегі жалпы ұзындығы шамамен 180 мың шақырым автомобиль жолын қамтиды. Платформаны пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

Цифрлық құралдар жол жұмыстарының сапасын бақылауды да күшейтеді. 2025 жылы республикалық маңызы бар 15 мың шақырым автомобиль жолына аспаптық зерттеп-тексеру жүргізілді. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиялары жолдардың 100 шақырымға дейінгі учаскесін төрт жұмыс күнінің орнына, небәрі төрт сағат ішінде тексеруге мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы жұмыстар «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. 2028 жылға қарай елдегі басым бағыттағы көлік дәліздері мен тораптарының көбісін интеллектуалды көлік аналитикасымен қамту, сондай-ақ автокөлік салмағын бақылауға арналған қосымша кешендер орнату жоспарланған.

Интеллектуалды жүйелерді енгізу жол инфрақұрылымын басқарудағы ашықтықты арттыруға, орындалатын жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.