
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Алматы облысына жұмыс сапары аясында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Кездесу барысында тұрғындар негізінен автомобиль жолдарына қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Алматы–Талғар жолын кеңейту, Ұзынағаш-Күрті жолының бірқатар учаскелерін жөндеу, Құлжа тас жолының 43-109 км аралығын және Түрген-Обсерватория жолын жөндеу, Северное кольцо - БАКАД жолының құрылысын аяқтау, Бесқайнар-Ойқарағай жолын қыс мезгілінде күтіп ұстау және оны Алматы қаласының теңгеріміне беру, Алматы–Астана жолының 27-46 км аралығында жолүсті көпірін салу қажеттілігі айтылды. Бұдан бөлек, Достық және Көктал ауылдарында жаяу жүргіншілер жолақтарын жасау мәселесі көтерілді.
Сонымен қатар, вице-министр тұрғындардың елді мекендердегі қоғамдық көлік мәселесі, автоматтандырылған өлшеу құралдарына байланысты шағымдары, жүк көліктерінің бұғатталуы және жолдарды салу немесе жөндеу кезінде жол жамылғысының сапасына қатысты сұрақтарына жауап берді.
Кездесуден кейін Мақсат Қалиақпаров азаматтарды жеке қабылдап «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының 19-63 км аралығындағы және «Алматы – Жандосов – Прудки» жолының 23-43 км аралығындағы учаскелерін кеңейту, сондай-ақ «Көкпек – Кеген – Тюп» автомобиль жолында сервистік инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша түсініктеме берді.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық өтініштер бақылауға алынып, министрліктің жауапты қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, М. Қалиақпаров кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жалғастыру аясында Қонаев қаласының көпсалалы колледжінде өңір оқушыларымен кездесіп, көлік саласындағы мамандықтардың ерекшелігі мен артықшылықтары, еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттарды түсіндірді. Сондай-ақ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазаэронавигация» АҚ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК және Ұзынағаш кәсіптік колледжінің өкілдері көлік саласындағы мамандықтарға түсу шарттары мен мамандық таңдаудағы маңызды аспектілері туралы баяндады.