2026 жылғы 26 маусым күні ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесу өткізеді.
Күн тәртібінде ҚР Көлік министрлігінің құзыретіне кіретін мәселелер.
Кездесу сағат 13:00-де Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы Новоишим ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында өтеді (Мекен-жайы: Ленин көшесі, 2 үй).
Тұрғындар мен БАҚ өкілдерін кездесуге қатысуға шақырамыз.
Толық ақпарат үшін тел: WhatsApp+7 707 808 60 70 – Даулет Самбетбаев
Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, саланы цифрландыруға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Негізгі құжаттардың бірі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалдарының кейбір аспектілері туралы келісім болды. Құжат Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға бағытталған. Бұл бағыттар желісін кеңейтуге, жолаушылар ағынын арттыруға және іскерлік әрі туристік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту саласында Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытына кіретін автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, ТХКБ-ны дамыту жөніндегі халықаралық бизнес-конференция аясында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын реконструкциялау жобасын іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Теміржол саласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Alstom компаниясы арасында KZ6A сериясындағы электровоздарға сервистік қызмет көрсету бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Көлік саласын цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Интелектуалды көлік жүйелері мен «Е-жолдары» цифрлық платформасын енгізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен SITA B.V. арасында мемлекеттік әуежайларды кешенді цифрландыру, оның ішінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Авиация саласы үшін маңызды оқиғалардың бірі «Air Astana» АҚ мен Airbus компаниясы арасында Airbus A320neo әуе кемелері тобының 50 ұшағын жеткізуге тапсырыс беру туралы келісімге қол қойылды. Оның ішінде 25 қатты тапсырыс және 25 қосымша опцион қарастырылған. Әуе паркін кеңейту әуе тасымалдарына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға және ұшу бағыттарының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Groupe ADP арасында авиация, әуежай инфрақұрылымын дамыту және іргелес аумақтардың экономикалық дамуын ынталандыру салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты көздейтін бірлескен декларацияға қол қойылды.
Халықаралық логистика саласында «KTZ Express» АҚ мен Midia Marine Terminal, Ecco Rail және A.P. Moller – Maersk компаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Қол жеткізілген келісімдер мультимодальды тасымалдарды дамытуға, халықаралық логистикалық қызметтерді кеңейтуге және Транскаспий халықаралық көлік бағытының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру жөнінде келісімге қол қойылды. Аталған жобаларды іске асыру көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға, елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және халықаралық көлік дәліздерін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Қол қойылған құжаттар Қазақстан мен еуропалық серіктестер арасындағы көлік инфрақұрылымы саласындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растайды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің басшылығы Азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке қабылдады.
Кездесу барысында Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының өтініштері қаралды. Көтерілген мәселелер көлік саласын дамытуға, мүгедектігі бар адамдар үшін көлік қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға және жол инфрақұрылымының жай-күйіне қатысты болды.
Қабылдау барысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға әуе тасымалдары бойынша жеңілдіктер беру, азаматтардың тіркелген жеріне қарамастан инватакси қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы тасымалдарды ұйымдастыру тәртібін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар «Ақсу – Бестөбе – Изобильное» автомобиль жолын жөндеуге қатысты өтініштер қаралды.
Жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша Ақмола облысының әкімдігіне ағымдағы жылдың соңына дейін «Ақсу – Бестөбе – Изобильное» автомобиль жолында бақылау аркасын орнатуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірдегі елді мекендердің көлік қатынасын жақсарту мақсатында «Бестөбе – Сілеті» автомобиль жолын жөндеу мәселесін пысықтау ұсынылды.
Жеке қабылдау қорытындысы бойынша азаматтарға қажетті түсіндірмелер беріліп, келіп түскен өтініштерді заңнамада белгіленген тәртіппен қарау үшін Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне тиісті тапсырмалар жүктелді.
2026–2028 жылдарға арналған автомобиль жолдары саласын дамытудың үш жылдық жоспары аясында Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар автожолдардың шамамен 8,9 мың шақырымы жол жұмыстарымен қамтылды, бұл — соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жалпы алғанда, еліміз бойынша барлық деңгейдегі 11 мың шақырымнан астам автожол қамтылып отыр. Жұмыстар бірнеше бағытта жүргізілуде: халықаралық көлік дәліздерін реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу, сондай-ақ жаңа магистральдар салу.
Жобалардың қатарында II техникалық санаттағы «Қызылорда – Жезқазған» (400 км) автомобиль жолын реконструкциялау жобасы бар. Жұмыстар 2025 жылдың сәуір айында басталды. Қызылорда облысындағы 192 шақырым толық аяқталып, көлік қозғалысына ашылды. Ұлытау облысындағы 208 шақырымда реконструкциялау жұмыстары жалғасуда, жобаны аяқтау 2027 жылға жоспарланған. Қазіргі таңда нысанда 6 асфальт-бетон зауыты, 600-ден астам техника және 1011 адам жұмыс істеуде.
«Ақтөбе – Ұлғайсын» (28 км) проектінде 2024 жылдың маусым айынан бастап 102 техника мен 115 маман жұмылдырылған болса, бүгінде олардың саны 368 техника мен 499 техникалық маманға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша асфальт-бетон жабыны төселген бір жолақта қозғалыс ашылды.
Ертіс өзені арқылы жаңа көпір салу жобасында 290 қызметкер мен 86 техника жұмылдырылған. Көпір өткелі мен оған кіреберіс жолдардың жалпы ұзындығы 2,7 шақырымнан асады.
Туристер үшін маңызды жобалардың бірі саналатын «Өскемен – Рахман қайнары» (28 км) жолында жол төсемі мен көпір құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта нысанда 65 техника мен 135 адам еңбек етуде.
«Петропавл – Ресей Федерациясының Қорған қаласына дейінгі шекарасы» жобасы бойынша 2024 жылы жалпы ұзындығы 30,2 шақырым жолдың 15,3 шақырымында қозғалыс ашылды. Жобаны аяқтап, пайдалануға беру осы жылдың тамыз айында күтілуде.
27 шақырымдық Атырау қаласының айналма жолында 66 техника мен 109 жұмысшы жұмылдырылған. Жалпы көлемі 1 503 мың м³ болатын жер төсемінің 914 мың м³-і салынды, 2 көпір мен 2 жол өтпесінің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
2030 жылға дейінгі жоспар аясында жаңа ірі жобаларды іске асыру көзделген. Олардың қатарында «Қызылорда – Ақтөбе» бағыты («Қызылорда – Сексеуіл» (462 км), «Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 км), «Ұлғайсын – Сексеуіл» (312 км), «Бейнеу – Сексеуіл» (800 км)), «Орталық – Батыс (Астана – Ырғыз)» (896 км), «Жезқазған – Қарағанды» (572 км) автожолдары, сондай-ақ ірі қалалардың айналма жолдары (Сарыағаш айналма жолы – 102 км, Қызылорда айналма жолы – 26 км және Рудный қаласының айналма жолы – 17 км) бар.
2026–2027 жылдары аяқталуы жоспарланған жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын 126 учаскеде орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның ішінде 321 шақырым күрделі жөндеумен, ал 3,6 мың шақырымнан астамы орташа жөндеумен қамтылған. Негізгі бағыттардың қатарында «Жезқазған – Петропавл», «Алматы – Шелек – Қорғас», «Атырау – Орал», «Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» және басқа да жолдар бар.
Талдықорған қаласында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ел бойынша 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жаңартылған Жетісу облысындағы алғашқы нысан.
Жаңғырту барысында жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың қасбеті мен ішкі үй-жайлары жөнделіп, инженерлік желілер, жылу, сумен жабдықтау және электрмен қамту жүйелері жаңартылды. Сонымен қатар заманауи күту залдары жабдықталып, навигация жүйесі жетілдірілді және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Талдықорған теміржол вокзалы ел өңірлерімен жолаушылар қатынасын қамтамасыз ететін Жетісу облысының маңызды көлік нысаны болып табылады. Жобаны іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және вокзалда қолайлы әрі заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып табылады. Ел тарихында алғаш рет теміржол инфрақұрылымының 120-дан астам нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары бір мезгілде жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жүргізуде.
Ағымдағы жылдың 16 маусымынан бастап AZAL әуе компаниясы Шымкент – Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет жиілікпен жаңа тұрақты рейстерді орындауды бастады. Нәтижесінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы рейстер саны аптасына 30-дан 33 рейске дейін ұлғайды.
Сонымен қатар, әуе компаниясы Ақтөбе – Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет және Атырау – Баку бағыты бойынша аптасына 4 рет тұрақты рейстерді орындауды жоспарлауда.
Жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді
Қазіргі уақытта Ақтау халықаралық әуежайында 2024 жылы басталған аэродром жабындарын кешенді жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып табылатын перронды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның бірінші кезеңі аясында ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдарын қайта жаңарту жұмыстары орындалып, олар 2025 жылғы шілде айында толық аяқталды.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жобаның екінші кезеңі іске асырылуда. Ол рейстерді тоқтатпай-ақ перрон мен әуежайдың периметрлік инфрақұрылым нысандарын жөндеуді көздейді.
Бүгінгі таңда перронды жөндеу жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Қазіргі уақытта жабынның қалған бөлігін төсеу, периметрлік қоршауды орнату және қосымша жарықтандыру жүйелерін жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Барлық жұмыстарды 2026 жылдың III тоқсанының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әуе кемелерінің тұрақ орындарын кеңейтіп, олардың көтергіштік қабілетін күшейтуге, сондай-ақ ұшу салмағы жоғары жүк әуе кемелеріне қызмет көрсету мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Ақтау әуежайы барлық үлгідегі әуе кемелерін, оның ішінде «F» санатындағы әуе кемелерін қабылдай алады. Бұл өз кезегінде транзиттік және жүк тасымалдарын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қазақстанда заманауи көлік және жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мемлекет басшысының көлік желісін жаңғырту және елдің транзиттік әлеуетін нығайту туралы тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жол бойындағы сервис объектілерін салу мен жаңғырту бойынша ауқымды жобаларды іске асыруда. Бұл жұмысқа транзиттік әлеуеті жоғары өңірлерге ерекше назар аударылуда. Олардың қатарында Түркістан облысы да бар.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында жол бойындағы сервистің 105 объектісі жұмыс істейді, оның 86-сы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Тұтастай алғанда, Қазақстан бойынша 1428 объект жұмыс істеп тұр, бұл ретте олардың 93%-ы белгіленген сапа пен қауіпсіздік стандарттарына сай келеді.
Халықаралық көлік дәліздерін дамытуда Қазақстанды көршілес мемлекеттермен байланыстыратын көлік жүйесінің маңызды буыны болып табылатын Шымкент қаласының айналма жолы ерекше маңызға ие. Бұл бағыт көлік ағындарын тиімді бөлуге және транзиттік тасымалдарды арттыруға ықпал етеді.
Жаңа заманауи нысандардың бірі – Шымкент қаласының айналма жолы бойында орналасқан көпфункционалды жол бойы сервис кешені. Нысан биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Жобаның инвесторы – «PetroRetail» ЖШС.
Кешен жолаушыларға қызметтердің кең ауқымын ұсынады. Мұнда жеңіл және жүк көліктеріне арналған тұрақ аймақтары, сауда алаңдары, қоғамдық тамақтану пункттері, абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптар, ана мен бала бөлмесі, намазхана, сондай-ақ жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да сервистер қарастырылған.
Түркістан облысында жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін жеке инвестициялар есебінен жол бойындағы сервистің тағы 5 нысанын салу жоспарлануда. Тұтастай алғанда, ел бойынша 37 жаңа нысанды пайдалануға беру күтіледі.
Көлік министрлігі жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға ықпал ететін жол бойындағы заманауи сервис объектілерін құру бойынша кешенді шаралар қабылдауды жалғастыруда. Бұл инфрақұрылымды дамыту шағын және орта бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер туғызады, экономикалық белсенділікті ынталандырады және Қазақстан өңірлерінің туристік тартымдылығының арттыруға ықпал етеді.
Бизнес қауымдастығы өкілдері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексеруден өткенін Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде (КҚББЖ) растау тетігін қолдануды көздейтін норманың қолданысын 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.
Бұл шешім нарық қатысушыларына жаңа талаптарға бейімделуге және жүйенің тиісті функционалын толыққанды пайдалануға дайындалу үшін қосымша уақыт беру мақсатында қабылданды.
Сонымен қатар, аталған тетікті пайдалануға дайын және құжаттарды электрондық форматта рәсімдеуге мүдделі тасымалдаушылар КҚББЖ жүйесінде жұмысты ерікті негізде жалғастыра алады.
Көлік қоғамдастығы өкілдерінен келіп түсетін сұрақтарға байланысты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу тәртібіне қатысты түсініктеме береді.
Ең алдымен, КҚББЖ жүйесін енгізу тасымалдаушылар үшін жаңа міндеттемелер жүктемейтінін атап өткен жөн. Тауар-көлік жүкқұжаты мен жол парағын рәсімдеу талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында бұрыннан көзделген.
КҚББЖ жүйесінің негізгі мақсаты – көлік құжаттарын қағаз түрінде рәсімдеудің қолданыстағы процестерін электрондық форматқа көшіру және оларды тасымалдау процесіне қатысушылар үшін қолжетімді ету.
Сондай-ақ, интернет байланысы тұрақсыз аудандарда жұмыс мәселесіне ерекше назар аударылған. Мұндай жағдайларда заңнамаға сәйкес көлік құжаттарын қағаз түрінде рәсімдеуге және интернетке қолжетімділік қалпына келтірілгеннен кейін оларды КҚББЖ жүйесінде тіркеуге жол беріледі. Осылайша, байланыс болмауы тасымалдауды жүзеге асыруға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге кедергі келтірмейді.
Министрлік халықаралық автомобиль тасымалдары кезінде құжаттарды рәсімдеу тәртібін де түсіндіреді. Егер тасымалдау бір халықаралық тасымалдау шарты аясында жүзеге асырылып, бірыңғай халықаралық CMR жүкқұжатымен рәсімделсе, онда тауар-көлік жүкқұжатын және жол парағын КҚББЖ жүйесінде рәсімдеу мен тіркеу талап етілмейді.
Сонымен қатар, КҚББЖ жүйесінде жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексеруден өтуін растау тәртібі жетілдірілді.
Рейс алдындағы медициналық тексеруді жүргізу процесінен медицина қызметкері шығарылмайтынын ерекше атап өткен жөн. Өзгерістер тек ақпараттық жүйеде тексеруден өту фактісін растау тетігіне ғана қатысты.
Тасымалдаушылар келесі нұсқалардың бірін таңдай алады:
– егер рейс алдындағы тексеруді медицина қызметкері жүргізсе, ол енгізілген мәліметтердің дұрыстығына жауапкершілік ала отырып, оны жүйеде растай алады;
– растаудың өзге тәртібі қолданылған жағдайда, тасымалдаушы заңнама талаптарына сәйкес жол парағында тиісті белгіні өздігінен қояды.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті еліміз бойынша ауқымды рейдтер жүргізуде. Акция 2026 жылдың 15 маусымынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.
Басты мақсат – жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апатының алдын алу.
Оң рульді көліктерге (Toyota Alphard, Estima және т.б.), жүргізушілердің жұмыс және демалыс режимін сақтауына ерекше көңіл бөлінетін болады.
Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті тасымалдаушыларды заңды қатаң сақтауға, көліктерінің техникалық жағдайын қадағалауға, жолаушылар қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырады.
Сондай-ақ, жолаушыларды, багажды және таксиді тасымалдау ережелерін, сондай-ақ жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.