Авиация саласының тұрақты өсімі: 10 айдың қорытындылары

2025 жылдың он айында Азаматтық авиация комитетінің қызметі саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталды.

2025 жылдың 10 айында әуе көлігімен әуежайларда 26,6 млн жолаушыға қызмет көрсетілді (2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық), оның ішінде отандық әуе компаниялары 13,1 млн жолаушыны тасымалдады (2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға артық).

Сонымен қатар, аталған кезеңде әуежайларда өңделген жүк көлемі 140 мың тоннаны құрады, оның ішінде отандық әуе компаниялары арқылы тасымалданған жүк көлемі 23,8 мың тонна болды (2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға артық).

Ішкі әуе бағыттарының саны 60 бағытты құрап, аптасына 821 рейс орындалды. Халықаралық маршруттық желі 30 елді қамтитын 131 бағытқа дейін кеңейтіліп, аптасына жалпы 616 рейс жиілігімен орындалды.

2025 жылғы шілде айында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаноның Қазақстан Республикасына ресми сапары өтті. Бұл сапар ИКАО Кеңесі Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы тарихи сапары болды.

Ағымдағы жылдың 2–14 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының аумағында авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) аудиті өткізілді.

Аудит қорытындысы бойынша ИКАО-ның халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ды құрады, бұл әлемдік көрсеткіштен (72%) және орташа еуропалық деңгейден (88%) айтарлықтай жоғары. Қазақстанның көрсеткіші ТМД елдері арасында ғана емес, ИКАО-ның Еуро-Азия аймағында да ең жоғары деңгейлердің бірі болып табылады (Грузия — 89,75%, Өзбекстан — 85,47%, Беларусь — 91,85%, Қырғызстан — 85,7%, Әзербайжан — 74,66%, Албания — 68,74%, Түркия — 77,59%).

Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында «Эйр Астана» әуе компаниясы мен Boeing компаниясы арасында бұрын тапсырыс берілген осы үлгідегі үш әуе кемесіне қосымша 15 Boeing 787–9 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. 18 Boeing 787–9 ұшағынан тұратын әуе паркіның жалпы құны 7 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Әуе паркін толықтыру Қазақстанға халықаралық бағыттардың географиясын кеңейтуге, соның ішінде АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың 21 шілдесінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің №223 бұйрығымен авиациялық техника және (немесе) арнайы көлік құралдарын лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құнын және нысанын айқындау қағидалары қабылданды. Бұл қағидалар мемлекеттік қатысуы бар әуежайлар үшін арнайы техниканы сатып алуға мүмкіндік береді.

Отандық әуе компанияларының әуе кемелері паркі 12 жаңа ұшақпен толықтырылды (SCAT — 4 Boeing 737 MAX8, Эйр Астана — 3 Airbus A321/320, Fly Arystan — 5 Airbus A321/320).

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 4 маусымдағы №412 қаулысымен 2025–2031 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының азаматтық ұшқышсыз авиациясын дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Аталған тұжырымдама реттеу, кадр даярлау және ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, дамудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.

Ақтау қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы мен рулеж жолына күрделі жөндеу жұмыстары, ал Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағына ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Балқаш қаласы әуежайының терминалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында.

Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында 3 әуежайдың құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ Арқалық қаласы әуежайының қызметін қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы деңгейінде азаматтық авиацияны дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізілгені атап өтіледі. Кеңес барысында негізгі тәсілдер айқындалып, стратегиялық шешімдер қабылданып, саланың одан әрі дамуына бағдар беретін орта мерзімді кезеңге арналған міндеттер қалыптастырылды.

Дата публикации
23 декабря 2025