Көлік министрлігінде құмар ойындардың (лудомания) алдын алуға бағытталған іс-шара ұйымдастырылды.
Спикер ретінде Орталық Азия аймағының когнитивті-мінез-құлық терапиясы қауымдастығының вице-президенті, психолог Нуркина Жаннат Кенжебайқызы шақырылды.
«Патологиялық құмарлық (лудомания) туралы не білу қажет?» тақырыбындағы дәріс барысында спикер құмар ойындарға әуестік көбіне қарапайым қызығушылықтан, «бір рет байқап көру» ниетінен басталатынын, алайда уақыт өте келе ол әдеттің дертке айналып, психикалық қажуға алып келетінін атап өтті. Мұндай жағдайда тек білікті психотерапевт-дәрігер ғана көмек көрсете алады. Сонымен қатар, әрбір ойыншы өзіндегі тәуелділікті мойындай бермейтіні де айтылды.
Адамды ойынға тәуелділіктен шығару – күрделі психологиялық процесс. Құмар ойындарға әуестікке жол бермеу үшін адам бос уақытын тиімді жоспарлап, спортпен, сүйікті хоббимен және өзге де пайдалы істермен айналысып, психологиялық саулығын сақтауы қажет екенін лектор ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында Министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі Тансила Мұздыбекова қатысушыларға Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабындағы нормаларды, соның ішінде құмар ойындарға онлайн және офлайн форматтарда қатысуға қатысты шектеулерді түсіндірді.