5 қыркүйекте Орталық стадионда өтетін Энрике Иглесиастың концерті кезінде Алматыдағы қоғамдық көлік, оның ішінде метрополитен де қалыпты режимде жұмыс істейді.
Көрермендерге ыңғайлы болу үшін әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында концерт аяқталғаннан кейін 50 тегін шаттл ұйымдастырылады. Олар стадионның Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесі жағынан жолға шығады.
Шаттлдар келесі бағыттар бойынша қатынайды:
* Әуежай;
* Орбита шағынауданы;
* Алматы-1 теміржол вокзалы;
* Райымбек-Алатау;
* Алматы Арена.
Қосымша бағыттардың ұйымдастырылуы көрермендерге іс-шара аяқталғаннан кейін қаланың негізгі көлік тораптары мен аудандарына жылдам жетуге мүмкіндік береді.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына Орталық стадионға бару және кері қайту бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылады.
Еске салайық, Энрике Иглесиастың Алматыдағы концерті 5 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді. Іс-шара сағат 20:00-де басталады.
Алматыда Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне қарама-қарсы, Сәтбаев көшесінің бойында орналасқан «Алматы қаласының әкімдігі» жаңа аялдама пункті пайдалануға берілді. Бұл туралы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар тасымалы басқармасының өкілдері хабарлады.
Аялдама заманауи павильонмен, жолаушыларға арналған күту орындарымен және ақпараттық тақталармен жабдықталған. Оны орналастыру кезінде жолаушылардың қауіпсіздігіне, жайлылығына және автобусқа міну мен түсу қолайлылығына ерекше назар аударылды.
Бұл аялдамаға екі бағыт бойынша №21, №45, №95 және №121 автобус бағыттары қызмет көрсетеді. Аталған бағыттарға күн сайын 75 автобус шығып, қаланың ең сұранысқа ие аудандарының біріне тұрақты қатынасты қамтамасыз етеді.
Жаңа аялдаманың іске қосылуы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға, мемлекеттік және қоғамдық нысандардың қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ Алматының орталық бөлігіндегі жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде пилоттық режимде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты.
Жобаны іске қосу аясында жол қызметтері арнайы сары түсті жолақтарды сызу және тиісті жол белгілерін орнату жұмысын бастап кетті. Барлық жұмысты 19 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, арнайы жолақты енгізудің мақсаты – қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттыру, жол қозғалысын реттеу және қаланың ең қарқынды көлік дәліздерінің бірінде қауіпсіздікті күшейту.
Жаңа қозғалыс схемасы автобустардың тұрақты әрі болжамды қозғалысын қамтамасыз етуге, жалпы көлік ағынындағы кідірісті азайтуға және маршруттардың қозғалыс кестесінің сақталуын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Пилоттық режим қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауға және жол қозғалысына қатысушылардың өзгеріске кезең-кезеңімен бейімделуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жүргізушілерден жол белгілері мен жол таңбаларына мұқият назар аударып, бағытын алдын ала жоспарлау сұралады.
Алматыда 6 маусымнан бастап №134 және №140 жаңа қалалық автобус бағыттары іске қосылады. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері мәлімдеді. Жаңа бағыттар тұрғындардың көлік қолжетімділігін арттыруға және қатынау қолайлылығын жақсартуға бағытталған.
Бағыттарға «NomadBus» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын желіге Yutong маркалы 23 автобус шығады. Олар – ұзындығы 12 метр болатын төмен еденді электр автобустар. Әр автобустың сыйымдылығы 90 жолаушыға арналған, бұл қарбалас уақытта жоғары жолаушыларға тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жылжымалы құрам жайлылығымен, кеңдігімен, қозғалыс тұрақтылығымен ерекшеленеді және қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Жаңа бағыттарды іске қосу тасымалдаушының жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Электр автобустарды сатып алу мен қаржыландыру «NomadBus» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүргізіліп, қала бюджеті қаражаты пайдаланылған жоқ.
№134 бағыт Алматы-1 теміржол вокзалын «Автостанция» соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы – 39,7 шақырым. Автобустар күн сайын сағат 05:50-ден 23:00-ге дейін қатынайды.
№140 бағыт «Райымбек батыр» метро бекетін «Таулы қырат» шағынауданындағы соңғы аялдамамен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы – 18,4 шақырым. Автобустар күн сайын сағат 05:55-тен 23:00-ге дейін қатынайды.
Жаңа бағыттардың іске қосылуы Алматының солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы көлік байланысын жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік нысандарға, білім беру және медициналық мекемелерге қолайлы қатынауын қамтамасыз етеді.
Алматыда қоғамдық көлікті дамыту, жол инфрақұрылымын жаңғырту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы кешенді шаралар жалғасып жатыр. Бұл мәселелер Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.
Қоғамдық көлік жүйесін дамыту аясында 2026 жылы №96, №130 және №145 жаңа бағыттары іске қосылды. Сонымен қатар, жолақы төлеудің Avtobys электронды жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту басталды. Жаңартылған жүйе қолма-қол ақшасыз төлемнің барлық түрін қолдайды. Бұл ретте жүйе «Онай» қызметімен қатар жұмысын жалғастыра береді.
Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда buslane жолақтарының жалпы ұзындығы 84 шақырым. Қосымша тағы 56 шақырым арнайы жолақ ұйымдастыру жоспарланған. Соның нәтижесінде арнайы жолақтардың жалпы ұзындығы 140 шақырымға жетпек.
Қалада жол қозғалысын оңтайландыру шаралары да жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық режимде Жуков, Уәлиханов және Манаев көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілді. Биыл маусым-шілде айларында осыған ұқсас шешімдерді қаланың басқа да көшелерінде енгізу жоспарланып отыр.
Велосипед инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылған. Қазіргі уақытта веложолдардың ұзындығы 89 шақырым. Қосымша тағы 38,5 шақырым жаңа веложол салу көзделген.
Сонымен қатар, жол белгілері мен жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қалада 3842 жол белгісі қалпына келтіріліп, ауыстырылып немесе жаңадан орнатылды. Ал жол таңбалары көше-жол желісінің 1700 шақырым аумағында сызылды.
Бұдан бөлек, жол қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматыда 642 бағдаршам нысаны бар, олардың бір бөлігі автоматтандырылған жүйеге қосылған. Жоба аясында бағдаршамдарды одан әрі жаңғырту және интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланған.
Аялдама инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қалада 2261 аялдама пункті бар болса, олардың 2089-ы арнайы павильондармен жабдықталған. 2026 жылдың соңына дейін қоғамдық көлік аялдамаларына LED-таблолар орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, кикшеринг қызметтерінің жұмысын реттеу бағытында да шаралар қабылдануда. Электросамокаттар үшін қалалық орта ерекшеліктеріне қарай жаңа жылдамдық режимдері енгізіліп, микромобильді көлік құралдарын пайдалану талаптары күшейтілуде.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қолға алынған шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, тұрақты қалалық мобильділікті дамытуға және Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы көлік ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Алматыда қоғамдық көлік жұмысына қатысты апта сайын шамамен 800 шағым түседі. Қала тұрғындары көбіне автобусты ұзақ күтетініне, салонның тазалығына, кондиционердің жұмыс істемейтініне, жүргізушілердің әрекетіне наразы. Осыған байланысты қала билігі тасымалдаушыларға бақылауды күшейтіп, күн сайын желідегі автобустар мен жүргізушілерді тексеретін бақылау-линиялық қызмет құрды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев осылай деді.
Басқарма басшысының айтуынша, қоғамдық көліктегі жолақының бағасын көтеруді қарастырып жатқан жоқ екен. Оның орнына билік тасымал сапасын арттырып, тасымалдаушылар арасындағы тәртіпті күшейтуге назар аудармақ.
«Қоғамдық көлік әрдайым қоғам назарында болғандықтан, сын-пікір де көп айтылады. Біз тұрғындардың өтінішін күн сайын Open Almaty, e-Otinish, әлеуметтік желі мен басқа да ресми арналар арқылы бақылап отырамыз. Көбіне автобусты ұзақ күтуге байланысты, тазалық пен жазда кондиционерге қатысты шағым түседі. Анықталған әр заңбұзушылық бойынша тасымалдаушыға қатысты шара қабылданады», — деді Ержан Диханбаев.
Басқарма мәліметінше, аптасына шамамен 300 өтініш Open Almaty арқылы, тағы 400-і e-Otinish жүйесі арқылы түседі екен. Ең көп шағым қалада үлкен іс-шара өткенде, ауа райы нашарлаған кезде, көлік қозғалысына әсер ететін жол-көлік апаты болған сәттерде тіркеледі.
Бақылауды күшейту мақсатында Алматыда бақылау-линиялық қызмет құрылды. Оның қызметкерлері автобустардың санитарлық және техникалық жағдайын, қозғалыс кестесінің сақталуын тексереді, сондай-ақ жүргізушілердің темекі шегіп, рөлде телефон ұстап, жолаушыларға дөрекілік көрсетіп, аялдамадан өтіп кетуі сияқты заңбұзушылықтарды тіркейді.
«Алматы қаласының ЖҚББО» ЖШС бақылау-линиялық мониторинг қызметінің басшысы Азат Тілеубаев тексерулер күн сайын желіде де, автобус парктерінде де жүргізілетінін айтты.
«Біз қала басшылығының тапсырмасы бойынша қоғамдық көлік жұмысын бақылап отырамыз. Жолақы төлеу ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, автобустың санитарлық жағдайы, аялдамаға тоқтауы мен жүргізу мәдениеті де бақыланады. Әр жүргізуші желіге шығар алдында медициналық тексеруден өтеді. Егер жүргізушінің қан қысымы жоғары болса немесе басқа жағдай болып жатса, оны жұмысқа жібермейді», — деді Азат Тілеубаев.
Қызмет мәліметінше, пилоттық жоба басталғалы бері 989 заңбұзушылық анықталған. Олардың қатарында рөлде ұялы телефон пайдалану, аялдамаларға тоқтамау, билет бермей қолма-қол ақша қабылдау мен жолаушыларға қызмет көрсету ережесін бұзу бар. Басқармада заңбұзушылық жағы біртіндеп азайып келе жатқанын да атап өтті.
Жүргізушілер құрамын бақылау туралы «Алматыэлектротранс» ЖШС пайдалану жөніндегі бас директордың орынбасары Асхат Әбішев те айтты. Оның сөзінше, жүргізушілерді күн сайын бейнемониторинг пен ұйқысы келгендерді бақылайтын арнаулы жүйелер арқылы тексеріп отырады.
«Бізде жүргізушілердің әрекетін күн сайын бақылайды. Телефон пайдалану, жолаушыларға дөрекілік көрсету мен басқа да заңбұзушылықтар бақыланады. Апта сайын шамамен 70 жүргізуші тәртіптік кеңестен өтеді. Заңбұзушылықтың сипатына қарай ескерту жасаудан бастап қатаң сөгіс пен сыйақыдан айыруға дейінгі шаралар қолданылады», — деді Асхат Әбішев.
Ержан Диханбаев шағымның көп екенін мойындағанымен, автобус жүргізу де қаладағы ең ауыр жұмыстың бірі екенін айтты.
«Біздің жүргізушілер таңертең ерте бастан кешке дейін тығыз қалалық қозғалыста үлкен автобустарды басқарады. Бұл өте ауыр жұмыс, әрі олар күн сайын көп адаммен араласады.
Жолаушылар тарапынан да арандату болып, кейбірі дөрекілік жасап жатады. Соған қарамастан әдептен аспай, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз», — деді Ержан Диханбаев.
Басқармада барлық жүргізушілер жұмысқа қабылданар алдында міндетті құжаттарды, соның ішінде наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерден анықтама тапсырып, Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес тексеруден өтетінін қосты.
Алматыда атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын іске асыру мәселесі бойынша автобус парктерінің өкілдерімен ақпараттық-консультациялық кеңес өтті. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты.
Жиында «Eco Almaty» ЖШС өкілдері қоғамдық көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған жаңа талаптар мен бақылау тетіктерін, сондай-ақ төмен эмиссиялы аймақтарды (LEZ) кезең-кезеңімен енгізу жоспарын таныстырды.
Ресми деректерге сәйкес, қалада 26 автобус паркі қызмет көрсетеді. Күн сайын қала көшелеріне шамамен 3,2 мың автобус шығады.
Кеңес барысында катализаторлардың міндетті түрде болуы, техникалық тексеруден өту және экологиялық таза көлікке көшу жайына ерекше назар аударылды.
Еске салайық, 2024 жылдан бастап Алматыда дизель отынымен жүретін автобустарды сатып алуға тыйым салынған. 2026 жылы жеке тасымалдаушылар 500 газбен жүретін автобус пен электробус сатып алу жоспарлап отыр.
Сонымен қатар қатысушыларға атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының негізгі талаптары 2027 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетіні туралы ақпарат берілді.
Алматыда күн жылып, құрылыс маусымы басталысымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында жол таңбаларын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады.
Биыл қала бойынша 2 мыңнан астам жүргінші өткелін жаңарту жоспарланып отыр. Бұл олардың көрінуін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көлік легін реттеуде, қозғалысты жүйелеуде және жолда қозғалыс тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратын бойлық жол таңбаларын сызу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Жалпы жұмыс көлемі кемінде 300 мың шаршы метр жол таңбасын қамтиды. Таңбалар негізінен түнгі уақытта сызылады. Бұл көлік қозғалысына түсетін жүктемені азайтып, жұмысты жедел әрі тиімді орындауға жағдай жасайды.
Жұмыстар кезең-кезеңімен, басым учаскелерді, көлік қозғалысының қарқынын және тұрғындардың өтінішін ескере отырып жүргізіледі.
Алматыда 4 сәуірден бастап №130 жаңа қалалық автобус бағыты іске қосылады. Бұл бағыт көлік қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың қатынау жайлылығын жақсартуға бағытталған. Бұл туралы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады.
Маршрутқа «Алматыэлектротранс» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын желіге Yutong маркалы 15 автобус шығарылады. Бұл ұзындығы 10 метр болатын заманауи төмен еденді автобустар. Әрқайсысына 80 жолаушыға дейін сыяды, бұл қарбалас уақытта жолаушыларға тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жылжымалы құрам жоғары жайлылық деңгейімен, кеңдігімен, бірқалыпты қозғалысымен ерекшеленеді және қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Қозғалыс аралығы 9 минут, бұл жолаушыларға ұзақ күтпей, сапарларын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
№130 бағыт Қалқаман шағынауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананы «Көктөбе» соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың жалпы ұзындығы 21,5 км. Автобустар күн сайын сағат 05:30-дан 23:00-ге дейін қатынайды.
Маршрут бойында автобустар Райымбек батыр, Сейфуллин, Достық даңғылдары, Сәтбаев көшесі және қаланың басқа да маңызды көшелері арқылы өтеді.
Сондай-ақ автобустар бұрын қоғамдық көлік жүрмеген Бұқар жырау бульвары бойымен де қатынайды.
Жаңа бағыт қаланың батыс және орталық бөліктері арасындағы байланысты жақсартып, әлеуметтік нысандарға, медициналық мекемелерге және танымал қалалық орындарға қолжетімділікті арттырады.
Республикалық референдумның өтуіне байланысты Алматының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері 2026 жылы 15 наурызда қоғамдық көлікте жол жүру тегін болатынын айтты.
Бұл шешім референдум өтетін күні қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдай жасау және азаматтардың қала ішінде кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
Тегін жол жүру қалалық қоғамдық көліктің барлық бағытында – автобустарда, троллейбустарда және метрополитенде күні бойы қолданылады.
Жолаушылар жолақыны төлеу тәсіліне немесе пайдаланылатын электронды билет жүйесіне қарамастан қоғамдық көлікте ақысыз жүре алады.
Басқарма өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарын сапарын алдын ала жоспарлауға және дауыс беру күні қала ішінде ыңғайлы қатынау үшін қоғамдық көлікті пайдалануға шақырады.