Қазақстанда гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін талаптар жаңартылды. 2026 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, аталған мамандардың қызметін жүзеге асыру тәртібі нақтыланды.
Негізгі талаптардың бірі — қызметті бастамас бұрын белгіленген тәртіппен хабарлама беру. Бұл талапты орындамай жұмыс істеу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Туризм индустриясы комитеті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саладағы заң талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Гид қызметін қалай заңдастыруға болады? Қандай талаптарды сақтау қажет? Міндетті хабарламасыз жұмыс істегені үшін қандай жауапкершілік көзделген?
Осы сұрақтардың жауаптары мен қызметті заңды түрде жүзеге асыру тәртібі ұсынылған ақпараттық материалда қамтылған. Сонымен қатар, қызметтің басталғаны туралы хабарлама беру және гидтердің ресми тізілімін тексеру үшін QR-кодтар орналастырылған.
Алматы облысы еліміздің туристік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі ретінде дамуын жалғастыруда. Табиғаты көркем аймақтар, тау бағыттары мен заманауи инфрақұрылым отбасылық, белсенді және жыл бойғы демалысты дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі орналастыру орындарында 658,5 мың туристке қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,8%-ға көп. Облыста 283 орналастыру орны жұмыс істейді.
Өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуына мысал ретінде Талғар тауларының етегінде орналасқан AQUASIA RESORT демалыс кешенін атап өтуге болады.
Кешен аумағында швейцариялық шале үлгісінде салынған 49 демалыс үйі, мейрамхана, SPA аймағы, бассейндер, балалар ойын алаңы және түрлі іс-шаралар өткізуге арналған орындар бар.
Кешенде жылдың төрт мезгілінде де демалуға мүмкіндік жасалған. Жазда су сырғанақтары мен бассейндері бар аквапарк жұмыс істесе, қыста ашық аспан астындағы жылытылатын бассейн, монша кешені, тюбинг сырғанағы мен шаңғы тебуді жаңадан үйренушілерге арналған мектеп қызмет көрсетеді.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін пейнтбол және нысана көздеп ату алаңы қарастырылған. Сондай-ақ Талғар тауларының маңында атпен серуендеуге, квадроциклдер мен қарда жүретін көліктерге мініп, табиғаты көркем бағыттарды аралауға болады.
Осындай нысандардың дамуы өңірдегі демалыс түрлерін көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға және туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.
Әсіресе туристерді тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы қабылдай алатын инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл туризмнің маусымға тәуелділігін азайтып, саяхатшылардың өңірде ұзақ уақыт болуына және Алматы облысының туристік әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
19–25 қазан аралығында еліміздің өңірлерінде өтетін мәдени, спорттық және өзге де іс-шаралар топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Апталық афиша сапарларыңызды алдын ала жоспарлауға, қызықты іс-шараларды таңдауға және оларды саяхат бағытыңызға енгізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ саяхаттарды жоспарлауға ыңғайлы болу үшін event.qaztourism.kz сайтында Қазақстандағы негізгі туристік іс-шаралар күнтізбесі қолжетімді екенін еске саламыз. Платформа арқылы елімізде өтетін ауқымды іс-шаралармен танысып, оларды өткізілу күніне, өңіріне және тақырыбына қарай таңдауға болады.
Елордада өтіп жатқан жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогінің финалдық кезеңіне қатысушылар Астананың көрікті жерлерін аралап, қаланың туристік нысандарымен танысты. Спортшылар «Бәйтерек» монументін, Тәуелсіздік алаңын, Ұлттық музей және ерекше сәулетімен танымал «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын тамашалады.
Биыл Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған World Aquatics Әлем кубогінің финалдық кезеңіне әлемнің 39 елінен спортшылар қатысуда. Шетелдік спортшылардың, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің келуі оқиғалық туризмнің дамуына серпін беріп, қонақүйлерге, көлік, экскурсия және басқа да қызмет түрлеріне сұранысты арттырады.
Шетелдік қонақтар Астананың заманауи сәулетіне, қаланың көркі мен абаттандырылуына, қазақстандықтардың қонақжайлығына және еліміздің бай мәдени мұрасына ерекше тәнті болды.
Сонымен қатар спортшылар Қазақстанды әлемге танытуға өз үлесін қосып келеді. Олар әлеуметтік желілерде елімізден алған әсерімен бөлісіп, сапары туралы жақындарына әңгімелейді. Осылайша Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға кеңінен танытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың басында Туризм және спорт министрлігі алғаш рет өңірлерге туристер тартуға және оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған ірі іс-шаралардың күнтізбесін бекітті. Күнтізбе аясындағы жұмыстар, ақпараттық сүйемелдеу және өңірлермен бірлескен іс-қимыл іс-шараларға келушілер санының артуына ықпал етті.
Аталған жұмыстың оң нәтижелерін ескере отырып, Министрлік туристік іс-шаралар күнтізбесін Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарының кестесімен үйлестіру мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл бастама спорттық жарыстарды мәдени және туристік іс-шаралармен ұштастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде спортшылар мен шетелдік қонақтар жарыстарға қатысып, спорттық бәсекелерді тамашалап қана қоймай, еліміздегі мәдени іс-шараларға қатысуға, ұлттық дәстүрлерімізбен танысуға және Қазақстанның көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алады.
Атап айтқанда, 2027 жылы Қазақстанда спорттың алты түрінен әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Астанада үстел теннисі мен дзюдодан, ал Алматыда стенд атудан әлем чемпионаттары өтеді. Сондай-ақ Астанада қазақ күресінен, бокс пен таеквондодан әлем чемпионаттарын өткізу көзделген. Бұдан бөлек, елімізде УЕФА Конгресі өтеді. Бұл да халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ.
Әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізу елімізде спорттың дамуына, Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға, халықаралық беделін нығайтуға және қызмет көрсету саласының өркендеуіне де ықпал етеді.
Қазақстанда туристік бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ал 2026 жылдың тамыз айында осы қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Олардың негізгі мақсаты – бизнеске қойылатын талаптарды нақтылау, рәсімдерді жеңілдету және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету.
«Kids Go Free» бағдарламасы бойынша: туристік өнімді ішкі туризм саласындағы туроператорлар қалыптастыруы тиіс. Туристік өнім құрамына кәмелетке толмаған жолаушының бару және қайту ұшуларын қамтитын эконом-кластағы әуе тасымалы, сондай-ақ туристерді орналастыру орындарында кемінде екі түн болу қызметі енгізіледі.
Келу туризмі бойынша: шетелдік турист Қазақстанда кемінде 6 түн болған жағдайда туроператорға әрбір турист үшін 15 мың теңге субсидия төленеді. Бұл шара шетелдік туристердің елімізде болу мерзімін ұзартуға және өңірлердегі туристік қызметтерге сұранысты арттыруға бағытталған.
Туристік инфрақұрылым бойынша: қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары сақталды. Тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен жабдықтарды, сондай-ақ туристік автобустарды сатып алуға жұмсалған шығындардың 25%-ы өтеледі. Ал жол бойындағы сервис объектілерін, туристерге арналған танымдық орталықтарды және туристерді орналастыру орындарын салуға жұмсалған шығындардың 10%-ы өтеледі.
Санитариялық-гигиеналық тораптарға ай сайын берілетін 83,3 мың теңге көлеміндегі субсидия сақталды. Сонымен қатар олардың тұрақты жұмыс істеуіне және көрсетілетін қызмет сапасына мониторинг жүргізіледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс – басым туристік аумақтарды өңірлердің өздері айқындай алады. Бұл әр өңірдің ерекшелігі мен туристік әлеуетін ескере отырып, перспективалы аумақтарды дамытуға мүмкіндік береді.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің (IUTH) бірінші курс студенттері Rixos Turkistan қонақүйіне барып, меймандостық индустриясының жұмысымен және халықаралық қызмет көрсету стандарттарымен танысты.
Танымдық экскурсияға «Туризм және меймандостық индустриясын ұйымдастыру» және «Халықаралық және ішкі туризм» бағыттары бойынша білім алып жатқан 50-ден астам бірінші курс студенті қатысты.
Экскурсия барысында студенттер қонақүйдің күнделікті жұмысы, қонақтарға қызмет көрсету тәртібі, сервис сапасына қойылатын талаптар және түрлі бөлімдердің қызметі туралы мағлұмат алды. Мұндай кездесулер болашақ мамандарға алғашқы курстан бастап таңдаған кәсібінің қыр-сырын меңгеруге және саладағы жұмыстың ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.
Туризм саласына білікті маман даярлау – Туризм және спорт министрлігі жұмысының басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті маңызды рөл атқарады. Аталған білім ордасы – елімізде туристік индустрияға маман даярлауға бағытталған алғашқы бейінді жоғары оқу орны.
2026-2027 оқу жылында университетте 2 772 студент білім алып жатыр. Бакалавриат пен магистратура деңгейлерінде 14 білім беру бағдарламасы іске асырылып, туризм, қонақүй және мейрамхана бизнесі мен меймандостық индустриясының өзге де бағыттары бойынша маман даярланады.
Университетте теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Дуальды оқыту жүйесі аясында студенттер алған білімін нақты жұмыс орнында шыңдайды. Бүгінде 850-ден астам студент қонақүйлерде, мейрамханаларда және туристік ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтуде.
Маман даярлау жұмысының нәтижесі түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішінен де байқалады. Атап айтқанда, бүгінде оқу орнының алғашқы түлектерінің 95 пайызы жұмыспен қамтылған.
Қарағанды облысында туристік инфрақұрылымды дамыту және демалушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Әсіресе өңірдің негізгі туристік бағыттарының бірі – Балқаш көлінің жағалауында демалыс нысандары мен қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде.
Осындай нысандардың бірі – Балқаш жағалауында орналасқан PREMIUM VILLA BALKHASH демалыс кешені. Мұнда туристерді орналастыруға, отбасылық демалысты ұйымдастыруға және түрлі іс-шаралар өткізуге қажетті жағдайлар қарастырылған.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында 293 орналастыру орны жұмыс істейді. Оның 103-і Балқаш курорттық аймағында орналасқан.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы орналастыру орындары 444 187 келушіге қызмет көрсетті. Оның 182,9 мыңы Балқаш курорттық аймағына тиесілі.
Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірдегі орналастыру орындарында 191 022 адам тіркелсе, оның 72 861-і Балқаш курорттық аймағында демалған.
Балқаш жағалауында туристік нысандардың дамуы өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалануға, көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтуге және ішкі туризмді дамытуға ықпал етеді.
Түркістан облысы – туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Тарихи-мәдени мұраларымен қатар, өңірдің табиғи көрікті жерлері де туристер үшін тартымды бағыт қалыптастырып келеді.
Соның ішінде тау, экологиялық және отбасылық туризмді дамытуға ерекше мән берілуде. Осы бағыттағы жаңа жобалардың бірі – Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында ашылған KHANTAU заманауи демалыс аймағы.
Қаратау сілемдерінің көркем табиғаты аясында орналасқан демалыс орны заманауи туристік инфрақұрылым мен табиғи ландшафтты үйлестіре отырып салынған.
Жобаның негізгі мақсаты – Хантағы ауылының табиғи-туристік әлеуетін тиімді пайдалану, туризмді дамыту және тұрғындар мен қонақтарға жайлы демалыс жағдайын жасау.
Жобаның бастамашысы – BNK GROUP ЖШС. Оған салынған инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асады. Кешеннің жалпы аумағы 13 гектарды құрайды және бір мезетте 300-ден астам адамды қабылдай алады.
Мұнда заманауи модульді және капсулалы үйлер, бассейн, демалыс орындары және келушілерге қажетті туристік инфрақұрылым қарастырылған.
Бұл жерде отбасымен демалып, таза ауада уақыт өткізуге, таулы аймақты тамашалауға және экологиялық бағыттағы саяхат жасауға мүмкіндік бар.
Жобаны іске асыру барысында қажетті инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген.
Атап айтқанда, көпір салынып, шамамен 6 шақырым электр желісі тартылды. Сондай-ақ демалыс орнына апаратын таулы жолдың инфрақұрылымы жақсартылды.
Жобаның өңір үшін тағы бір маңызды нәтижесі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Бүгінде мұнда 30 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.
KHANTAU – Хантағының табиғи ерекшелігін заманауи демалыс мүмкіндіктерімен ұштастырған жаңа туристік нысан. Осындай жобалар Түркістан облысында тау, экологиялық және отбасылық туризм бағыттарын кеңейтіп, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Ал Хантағы ауылының көркем табиғаты мен KHANTAU демалыс аймағы – осы әлеуетті тиімді пайдаланудың нақты мысалдарының бірі.
Ұлытау облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков келіп, өңір тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында өңірдегі дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту, сондай-ақ кәсіби спортты қолдау бағыттары талқыланды.
Бүгінде Ұлытау облысында 77 мың адам, яғни өңір халқының 37%-ы дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде 15 мыңнан астамы – ауыл тұрғындары.
Жиында өңірде салынған және құрылысы жалғасып жатқан спорт нысандары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, Жезқазған қаласындағы ескек есу спортына арналған жаңа спорт кешені, Ұлытау ауылындағы жүзу бассейні, Қаражал қаласындағы жабық хоккей корты және «Намыс» балалар-жасөспірімдер спорт академиясы сөз болды.
Сонымен қатар, «Ұлытау» футбол клубын коммерцияландыру, жеке инвестицияларды тарту, мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті төмендету және клубтың қаржылық тұрақтылығын арттыру мәселелері қаралды.
Туризм – тек көрікті жерлер мен әсем локациялардан тұрмайды. Әр сапардың артында қонақты қарсы алып, демалысын ұйымдастыратын және ел туралы әсерін қалыптастыратын кәсіби мамандар бар.
Бүгінде Қазақстанның туристік саласы қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елге шамамен 7 миллион турист келді. Туристік ағынның өсуімен бірге білікті кадрларға деген сұраныс та артып отыр.
Салаға қажетті мамандарды даярлау ісіне Туризм және спорт министрлігі ерекше мән береді. Осы бағыттағы негізгі білім беру орталықтарының бірі – Халықаралық туризм және меймандостық университеті. Бұл – Қазақстандағы туризм саласына маманданған алғашқы жоғары оқу орны.
Қазіргі таңда университетте 3 мыңнан астам студент білім алады. Оқу 14 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 8 бакалавриат және 4 магистратура бағдарламасы бар. Бүгінде 200-ден астам магистрант білімін жалғастыруда. Олардың қатарында Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген студенттер де бар.
Студенттер туризм, қонақүй және мейрамхана ісі, экскурсиялық қызмет, спорттық туризм, іс-шаралар менеджменті және басқа да бағыттар бойынша білім алады.
Оқу үдерісінде тәжірибеге ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер Қазақстанның жетекші қонақүйлерінде, сондай-ақ Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бес жұлдызды қонақүйлерде тағылымдамадан өтеді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Өзбекстан, Түркия және Малайзия университеттерінде білімін жалғастыруға мүмкіндік бар.
Университеттің мүмкіндіктері туризм саласындағы білім берумен ғана шектелмейді. 2023 жылы мұнда Түркістан облысындағы жалғыз әскери кафедра ашылды. Әскери даярлық бес әскери-есептік мамандық бойынша жүргізіледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 91,3%-ды құрады. Ал 2026 жылы бүгінгі күнге дейін 1 229 түлектің 831-і, яғни 67,6%-ы жұмысқа орналасқан.
Қазіргі туризм саласына кәсіби білімін практикалық тәжірибемен және халықаралық құзыреттермен ұштастыра алатын мамандар қажет. Халықаралық туризм және меймандостық университеті дәл осындай білікті кадрларды даярлап келеді.