ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағына қажылыққа квотасыз баруға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінен келіп түскен хатына сәйкес, келесіні хабарлайды.
Сауд Арабиясы Корольдігінің (бұдан әрі - САК) Қажылық және умра істері министрілігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (бұдан әрі - ҚМДБ) арасында жасалған келісімге сәйкес, қажылық рәсімдері Сауд Арабиясы үкіметі Қазақстан тарапына бөлген квота (4 мың адам) негізінде жүзеге асырылады.
Осы ретте, биылғы 14 маусымда САК Қоғамдық қауіпсіздік департаменті қажылыққа барушыларды заңсыз тасымалдайтын немесе оларға жалған рұқсаттарды жасаған жергілікті және шетелдік компаниялар мен жеке тұлғаларға айыппұл салынып, олар бас бостандығынан айырылатыны туралы ресми мәлімдеме жасағанын атап өтеміз.
Атап айтқанда, Корольдікке заңсыз әкелінген әрбір қажы үшін заң бұзушыларға 50 000 риал көлемінде айыппұл салынады және заңды бұзған қажылардың санына сәйкес көбейтіледі. Заңды бұзған шетелдік азаматтар (қажылар және заңсыз қажылықты ұйымдастырушылар) Корольдіктің заңнамасына сәйкес депортацияланады және оларға белгіленген мерзімге САК кіруге тыйым салынады. Депортация барлық айыппұлдарды төлеп, алты айлық қамауда болғаннан кейін жүзеге асырылады.
САК Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің мәлімдемесіне сәйкес, осындай заңсыз іс-әрекеттер туралы Мекке, Ар-Рияд және Шығыс аймақтарында (911) және Корольдіктің басқа аймақтарында (999) телефон номерлерге қоңырау шалу арқылы хабарлауға болады.
Сонымен қатар, САК-тың уәкілетті органдары мұндай компаниялар жергілікті заңнаманы, сондай-ақ қажылық ережелер мен нұсқаулықтарды іс жүзінде бұзып ұсталмағанша оларға қарсы шаралар қолданбайтынын атап өтеміз.
Сонымен қатар, компаниялар өз қызметін ҚР аумағында жүзеге асыратындығын назарға ала отырып, Діни басқарма қажылықты ұйымдастыруға жауапты мекеме ретінде осы саладағы ҚР-ның уәкілетті органдарымен (ҚР АҚДМ Дін істері комитеті, ҚР МСМ Туризм индустриясы комитеті) бірлесіп халық арасында тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтті.
Сондай-ақ, компаниялар қажылықты ұйымдастыруда САК үкіметі талаптары мен заңнамасын бұза отырып қажыларды алып келген жағдайда, еліміздің қажылық миссиясы фактілер мен дәлелдемелерді келтіре отырып, Корольдіктің құзыретті органдарына жоғарыда көрсетілген телефондарға хабарлауы мүмкін.