«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Заңына сәйкес аудандық мәслихаттың құзыретіне:
- ауданды дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті бекіту, соның ішінде аудан, ауылдық округ әкімдері іске асыратын (әрбір ауылдық округ бойынша жеке-жеке) бюджеттік бағдарламаларды бекіту;
- тиісті аумақта қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану бойынша бағдарламаларды және қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру бойынша шығыстарды бекіту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамаға сәйкес өзге мәселелерді шешу;
- Қазақстан Республикасының Үкіметібекітетінжергілікті мемлекеттік басқарудың үлгілік құрылымдары негізінде қалыптастырылған әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын әкімнің ұсынуы бойынша бекіту;
- мәслихаттың қарауына жатқызылған әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
- әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешiмімен тиісті әкімдіктің дербес құрамын келісу;
- атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу;
- Қазақстан Республикасының сайлау туралызаң актiсiнесәйкес аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн жасырын немесе ашық дауыс берудi өткiзу жолымен сайлау;
- жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасау;
- облыстардың тексеру комиссияларының бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебін қарау;
- бақылау объектілерін тексеру комиссиялары жұмыстарының жоспарына енгізу үшін облыстың тексеру комиссиясына ұсыныстар енгізу;
- мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихаттың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
- халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кедейлікті азайту бағдарламаларын бекіту;
- әкімнің ұсынуы бойынша ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімдік жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамын бекіту;
- әкімнің ұсынысы бойынша "Ауданның құрметті азаматы" атағын беру;
- Қазақстан Республикасыныңжер заңдарынасәйкес жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;
- азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауына жәрдемдесу;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
Мәслихаттың құзыретіне сонымен бірге ауданның аумағында орналасқан кенттер мен ауылдар салудың бас жоспарларын бекіту, ауылдық округ әкімінің атқарылған жұмысы туралы есебін қарау және аудан әкіміне тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс әкімін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізу жатады. Ауданның мәслихаты облыстың тексеру комиссиясынан тиісті аудан бюджетінің атқарылуы мәселелері бойынша жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы ақпарат сұратуға құқылы.
Мәслихаттың тұрақты комиссиялары:
- мәслихатқа, мәслихат төрағасына, мәслихат сессиясының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ мәслихат сессиясында қаралатын кез келген мәселе бойынша ұсыныстар енгізуге;
- өздерінің құзырына жататын және мәслихат сессиясының қарауына енгізілген мәселелер бойынша қорытындылар беруге;
- өздерінің құзырына жататын мәселелер бойынша мәслихат сессияларында баяндамалар мен қосымша баяндамаларды ұсынуға;
- өз құзіреті шегінде жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдау туралы мәслихатқа ұсыныс енгізуге;
- комиссияның жұмысына мәслихаттың басқа да депутаттарын, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерін және азаматтарды тартуға құқылы.
Әкімдік, орталық атқарушы органдардың, атқарушы органдардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары, ұйымдар белгіленген тәртіпте тұрақты комиссияларға олардың құзіретіндегі мәселелер бойынша қажетті ақпаратты беруге міндетті.
Мәслихаттың тұрақты комиссиялары өз құзіретіндегі мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды.