GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Өңіраралық байланыс инспекциялары
Қызметі
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
Телекоммуникация және байланыс
09 октября 2026
Алматы облысының Жіңішке ауылына спутниктік интернет қосылды

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «QMobile» компаниясымен бірлесе отырып, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру аясында шалғайдағы елді мекендерді төмен орбиталы спутниктік жүйесі арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жалғастыруда.

Бұған дейін мүлдем байланысы болмаған елді мекендерде өткен жылы «OneWeb» жүйесі негізінде 329 қоғамдық Wi-Fi нүктесі орнатылған еді. Ал биыл жергілікті әкімдіктерден түскен қосымша өтінімдердің арқасында бұл жобамен қамтылған ауылдар саны 371-ге жетті.

Министрлік өкілдері интернеттің сапасы мен үздіксіз жұмысын тексеру үшін Алматы облысындағы Жіңішке ауылына арнайы барды.

«Инфрақұрылымы жоқ шалғай өңірлер үшін спутниктік интернет - дәстүрлі байланыс желілерін алмастыратын тиімді шешім. Мұндай сапарлар арқылы байланыс сапасын өз көзімізбен бағалап, бұл жобаның цифрлық алшақтықты жоюға септігін тигізіп жатқанына тұрғындардың пікірі арқылы көз жеткіземіз. Енді ауыл халқы тұрақты байланыста болып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде ала алады», деді Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаев.

Ауылдың тыныс-тіршілігіндегі бұл оң өзгерісті Жіңішке ауылының тұрғыны Дәулетбек Алпысбаев та растады:

«Бұрын үй телефонынан басқа байланыс болмайтын. Балалармен, жақындарымызбен хабарласу үшін әнеубір таудың төбесіне көтеріліп, қырға шығып отыратынбыз - көрген күніміз сондай еді. Ал қазір, шүкір, интернет ауылдың ішінде-ақ ұстап тұр», — деді ол.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ауылдық жерлерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.

 

Телекоммуникация және байланыс
05 октября 2026
GSMA M360 Eurasia халықаралық форумы 2027 жылы Астанада өтеді

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен GSMA жаһандық қауымдастығы AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, 2027 жылдың күзінде Астанада M360 Eurasia халықаралық форумы өтеді.

Ауқымды шара жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық инклюзивтілікті кеңейтуге, нормативтік-құқықтық реттеу мәселелеріне және заманауи байланыс инфрақұрылымын ілгерілетуге арналады. Шара бір алаңда халықаралық сарапшыларды, реттеушілерді, технологиялық инноваторларды және Орталық Азия мен әлемнің жетекші нарық қатысушыларын біріктіреді. Форумның қабылдаушы демеушісі — Beeline Қазақстан (VEON тобы).

M360 Eurasia форумын өткізу орны ретінде Қазақстанның таңдалуы елдегі цифрлық трансформация үдерістерінің қарқынымен және ЖИ-экожүйесінің дәйекті дамуымен байланысты. Елде арнайы заңнама мен ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданып, кадрлар даярлау мен стартаптарды қолдауға арналған AI-Sana бағдарламасы сәтті жұмыс істеп тұр, сондай-ақ білім беруді, ғылыми-зерттеу қызметін және мемлекеттік секторға ЖИ-шешімдерін енгізуді біріктіретін Alem.ai платформасы іске қосылды.

Цифрлық бастамалардың табысты болуы телекоммуникациялық инфрақұрылымды ауқымды модернизациялаумен қуатталуда: 5G желілерін белсенді енгізу, өңірдегі құрылғылармен тікелей байланыстың (direct-to-device) алғашқы прототипін тестілеу, спутниктік байланысты дамыту, қуаты 1 ГВт-қа дейінгі деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) ірі кластерін салуға дайындық және Каспий үсті талшықты-оптикалық бағыты жобасын жүзеге асыру.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев алдағы форумның маңыздылығын атап өтті:

«2027 жылы Астанада GSMA M360 Eurasia халықаралық форумын өткізу – Қазақстанның өңірдегі негізгі цифрлық және телекоммуникациялық хаб ретіндегі мәртебесін кезекті рет дәлелдейтін маңызды оқиға. GSMA – жетекші мобильді операторлардың басын қосатын және бүкіл саланың стандарттарын айқындайтын ең ірі жаһандық ұйым. Еліміз үшін M360 Eurasia форумын өткізу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестициялар тартуға, сондай-ақ Орталық Азияда және одан тыс жерлерде инфрақұрылымдық, телекоммуникациялық және ЖИ-бастамаларын ілгерілетуге арналған беделді алаңға айналады».

GSMA-ның Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша басшысы Ласло Тот Қазақстанның цифрлық экожүйесімен көпжылдық жемісті ынтымақтастықты атап өтті:

«M360 Eurasia форумын Қазақстанда өткізу туралы шешім GSMA мен елдің цифрлық экожүйесі арасындағы берік әрі көпжылдық серіктестікті көрсетеді.

Радиожиілік спектрі саласындағы саясаттан бастап 5G желілерін өрістетуге, цифрлық инфрақұрылымға, ЖИ саласындағы инновацияларға және жергілікті тілдерде ЖИ-шешімдерін әзірлеуге дейін – біз өңірде бірқатар стратегиялық басымдықтар бойынша өсіп келе жатқан серпінді көріп отырмыз.

Астана – өңірдің және одан тыс аумақтардың сала көшбасшыларын, реттеушілерін және инноваторларын цифрлық экономиканың болашағын бірге айқындау үшін біріктіретін M360 Eurasia жаңа тарауының табиғи алаңы».

Beeline Қазақстан холдингінің бас директоры Джаббор Каюмов:

«Қазақстанда телекоммуникациялық және цифрлық компаниялардың өте күшті қауымдастығы қалыптасты, ал жақында іске қосылған Starlink Mobile сияқты инновациялар еліміздің ең озық шешімдерді енгізуге қабілетті екенін көрсетеді. M360 Eurasia 2027 форумы жинақталған сараптамалық тәжірибемен халықаралық аудиториямен бөлісуге мүмкіндік беріп, оны жаһандық технологиялық экожүйеге одан әрі интеграциялауға ықпал ететініне сенімдімін».

Анықтама: GSMA — мобильді экожүйені біріктіретін жаһандық ұйым. Мүшелері үшін ұйым 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: «Игілікке арналған байланыс» (Connectivity for Good), «Салалық сервистер мен шешімдер» (Industry Services and Solutions) және «Өзара іс-қимыл мен ілгерілету» (Outreach). Ұйым нормативтік-реттеу саясатын жетілдіруді, әлеуметтік мәселелерді шешуді, технологиялардың үйлесімділігін қолдауды және MWC мен M360 халықаралық іс-шаралар сериясын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

 

 

 

Телекоммуникация және байланыс
05 октября 2026
Астанада жасанды интеллект дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылымның болашағы талқыланды

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті ұйымдастырған «ЖИ дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылым» атты панельдік сессия өтті.

Кездесу жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу жағдайында байланыс желілерін трансформациялаудың басты сын-қатерлері мен келешегін талқылау үшін Қазақстанның ірі телекоммуникация операторларының басшыларын, халықаралық сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдерін тоғыстырды.

Панельдік пікірталасқа ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков, GSMA Еуразия өңірінің директоры Таир Исмаилов (модератор), Kcell басқарма төрағасы Асқар Жамбакин, Beeline Қазақстан Холдингінің басқарма төрағасы Джаббор Каюмов, Tele2/Altel басқарма төрағасы Александр Бабичев және Freedom Telecom Holding бас директоры Қайрат Ахметов қатысты.

Дискуссияның негізгі тақырыбы цифрлық инфрақұрылымға қойылатын талаптардың түбегейлі өзгеруі болды. Өңделетін деректер көлемі мен ЖИ-модельдері күрделілігінің артуымен ақпарат тарату жылдамдығы ғана емес, сонымен бірге кідірістің барынша аз болуы, жоғары сенімділік және есептеулердің тұтас интеграциясы да аса маңызды мәнге ие болуда. Сессия барысында спикерлер 5G желілері мен келешегі бар 6G стандарттарын дамыту, талшықты-оптикалық инфрақұрылымды кеңейту, шеткі есептеулерді (edge computing) енгізу және желілерді интеллектуалды басқару үшін ЖИ қолдану мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков өз сөзінде Қазақстанның ЖИ қолдану бойынша заңнамалық негізді, соның ішінде жүйелерді тәуекел деңгейлеріне қарай бөлуді және ұлттық ЖИ платформасымен жұмыс істеу ережелерін қалыптастырып үлгергенін атап өтті.

«AI-экономиканы дамыту телекоммуникациялық инфрақұрылымның рөлін түбегейлі өзгертуді талап етеді. Бүгінде біз дәстүрлі «адамдарға арналған желілерден» пайдаланушыларды, автономиялы жүйелерді, деректер орталықтарын және үлестірілген есептеу қуаттарын біріктіретін икемді AI-native инфрақұрылымына өтуді бақылап отырмыз. Еліміздің географиясын ескере отырып, Қазақстан оптикалық арналарды, 5G желілерін, edge computing және спутниктік байланысты біріктіретін гибридті модельді дамытуда. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі осы инфрақұрылымның бірыңғай цифрлық ортаға қаншалықты тиімді біріктірілгенімен айқындалады», — деді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

Панельдік сессия аясында тараптар, сондай-ақ, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі телекоммуникациялық хаб ретіндегі стратегиялық рөлін, деректерді шекарааралық эркін әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуді және отандық әзірлеушілерді мемлекеттік қолдау механизмдерін, соның ішінде ЖИ-шешімдерін басымдықпен сатып алу мен ішкі нарықты ынталандыруды талқылады.

Сессия қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның өңірдегі технологиялық көшбасшы позициясын нығайта отырып, ДӨО-ның орнықты экожүйесін қалыптастыру және елдің цифрлық байланысын дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін растады.

 

 

Телекоммуникация және байланыс
29 сентября 2026
ШҚО-да «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы тексерілді

Мемлекет басшысының халықты сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау, сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы бағытта ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникация комитеті өңірдегі байланыс сапасы төмен әрі проблемалы аумақтарды («ақ дақтарды») тексеріп, арнайы жұмыс кеңесін өткізді.

Кездесудің басты мақсаты — өңірдегі инфрақұрылымдық түйткілдерді шешіп, халықты үздіксіз әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету болды. Инспекция барысында телекоммуникация инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттары жан-жақты сараланды.

Талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы бойынша Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков әрбір елді мекен бойынша жұмыстың егжей-тегжейлі кестелерін бекітуді және олардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге ол шағын ауылдарды жергілікті әкімдікпен келіспейінше және балама шешімдерін таппайынша қамту жоспарынан алып тастауға жол берілмейтінін баса айтты.

Шалғай және қатынауы қиын елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін «соңғы миля» жобасы аясында рельефі күрделі 12 ауылға OneWeb спутниктік байланыс кешендерін орнату ұсынылды. Бұдан бөлек, Tele2/Altel операторының лицензиялық міндеттемелеріне кіретін 8 ауылды жоспарланған мерзімнен бұрын қосу мәселесі қарастырылып жатыр.

Облыс орталығы Өскемен қаласындағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да қарқынды жүруде. Бұған дейін анықталған 24 проблемалық орынның 22-сі бойынша мәселе толықтай шешімін тапты. Ал қалған учаскелер бойынша «Ягодка» саяжай алабында электр монтаждау жұмыстары аяқталып келеді, «Болашақ» шағынауданында базалық станция орнатуға алаң таңдалуда, сондай-ақ қос мақсаттағы 7 тіреуішке жер телімдері рәсімделуде. Сонымен қатар, Лихарев көшесі мен жағалау бойындағы радиокедергілерді жою мақсатында Байланыс инспекциясы, Мемлекеттік радиожиілік қызметі және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қатысуымен бірлескен радиомониторинг жүргізу жоспарланды.

Инспекция қорытындысы бойынша комитет тарапынан операторларға антенна-мачталық құрылымдардың мүмкіндігін толық пайдалану және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін жабдықтарды орнату жұмыстарын тезірек аяқтау жүктелді.

 

 

29 сентября 2026
Қазақстанда Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік мобильді байланысы іске қосылды

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан Starlink Mobile компаниясымен бірлесіп Direct to Cell технологиясы арқылы спутниктік мобильді байланысты іске қосады. Бұл технология жерүсті мобильді байланыс қамту аймағынан тыс жерде үйлесімді смартфон арқылы байланыс қызметтерінің жекелеген түрлерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Starlink Mobile технологиясын енгізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылды. Сол жылдың қараша айында Министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ал желтоқсан айында алғашқы практикалық сынақтар өткізілді.

«2025 жылдың күзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында Қазақстан Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік байланысын енгізу жөнінде келісімге келді. Бүгінде сол келісімнің нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткізіліп, енді пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдердің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты қолданысқа еніп, адамдарға пайда әкеле бастағаны маңызды», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Технология арнайы спутниктік телефонды, сыртқы антеннаны немесе қосымша жабдықты қажет етпей, үйлесімді смартфонды Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктеріне тікелей қосуға мүмкіндік береді. Пайдаланушыларға жерүсті мобильді желісі мүлдем жоқ аймақтарда хабарламалар жіберу және қабылдау, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігі беріледі. Beeline Қазақстан клиенттері үшін промо-кезеңде қызмет тегін ұсынылады.

Спутниктік байланыс жерүсті мобильді инфрақұрылымын толықтырып, шалғай аудандарда, қала сыртындағы трассаларда және таулы жерлерде байланыс мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қосылу жерүсті байланысы болмаған жағдайда және спутникпен байланыс орнатуға қажетті жағдайлар болған кезде мүмкін болады.

Қазақстанның аумағы кең екенін ескерсек, спутниктік мобильді байланысты дамыту ерекше маңызға ие. Технология шалғай және жетуі қиын жерлерден хабарлама жіберуге, сондай-ақ жерүсті инфрақұрылымы зақымданған жағдайда байланыста болуға қосымша мүмкіндік береді. Бұл қызмет туристерге, шалғай елді мекендердің тұрғындарына, жол және коммуналдық қызметтердің қызметкерлеріне, елді мекендерден тыс жерде жұмыс істейтін мамандарға пайдалы болуы мүмкін.

«Beeline Қазақстанда жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде біз байланыс пен жаңа технологияларды дамытуға тұрақты түрде инвестиция салып келеміз. Қазақстан аумағы бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі, ал қашықтық адамдардың заманауи технологияларға қол жеткізуіне кедергі болмауы тиіс. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту - елдің бәсекеге қабілеттілігі мен өмір сүру сапасына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция», - деді қазақстандық кәсіпкер, «Верный Капитал» тобының инвесторы Болат Өтемұратов.

«Спутниктік мобильді байланысты іске қосу - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Beeline Қазақстан командасының және Starlink мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Beeline Қазақстанда бұл технологияны алғаш болып іске қосып отыр. Ол мобильді байланыстың мүмкіндіктерін қолданыстағы қамту аймағынан тыс кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұзақ әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі енді қазақстандықтардың күнделікті пайдалануына қолжетімді. Біз бұрын байланыста болу мүмкін болмаған жерлерде де байланыста қалуға мүмкіндік беретін қарапайым әрі жаңа байланыс деңгейін ұсынамыз», - деді Beeline Қазақстан компаниясының CEO-сы Джаббор Каюмов.

Жоба Министрлік, Beeline Қазақстан және Starlink компанияларының бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылуда. Ынтымақтастықтың тағы бір негізі - Beeline Қазақстанның бақылау пакетін иеленетін VEON тобы мен Starlink арасындағы жаһандық негіздемелік келісім.

Технологияны қалай пайдалануға болады

Қазіргі кезеңде қызметке Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді құрылғылар арқылы қосылуға болады. Алдағы уақытта басқа операциялық жүйелерді қолдауды кеңейту жоспарланып отыр.

Қызметті пайдалану үшін Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңартып, қосымшада Starlink қызметін іске қосу және телефон баптауларынан деректер роумингін қосу қажет. Жерүсті байланысы болмаған жағдайда спутниктік желіні қолмен таңдауға болады: Beeline Starlink. Кей жағдайда ол 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін.

Телекоммуникация және байланыс
17 сентября 2026
ҚР ЖИЦДМ-де Жамбыл облысындағы телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуы талқыланды

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысын талқылады. Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Күпешов қатысты.

Кеңес барысында өңірдегі негізгі жобалардың қазіргі жай-күйі қаралды: «ақ дақтарды» жою, жоғары жылдамдықты интернетті дамыту, 4G мобильді байланысын кеңейту, абоненттерді мыс желілерінен оптикалық желілерге көшіру, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым салу.

Жамбыл облысында 361 елді мекен бар, оның 353-і — ауылдық елді мекен. Бүгінгі таңда 279 ауылдық елді мекен 4G мобильді интернетімен, 189-ы — талшықты-оптикалық байланыс желілерімен, 12-сі — спутниктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілген.

«Ақ дақтарды» жою жұмыстары аясында облыста байланысы нашар немесе мүлдем жоқ 78 локация анықталды. Қазіргі уақытта 61 «ақ дақ» жойылды, ал 17 локация бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жалғасуда. Үкімет пен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы инвестициялық келісім аясында Жамбыл облысының 171 ауылдық елді мекенін қосу көзделген. Бүгінгі таңда 13 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Тағы 93 ауылдық елді мекен «Соңғы миля» жобасына енгізілді.

Өңірде мобильді байланысты дамыту бағыты бойынша операторлардың лицензиялық міндеттемелері аясында халқының саны 250 адамнан асатын 268 ауылдық елді мекенді 4G желісімен қамтамасыз ету қарастырылған. Қазіргі таңда 86 ауылдық елді мекен 4G желісіне қосылған.

Сонымен қатар, облыста инфрақұрылымды дамыту және автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамту аймағын кеңейтуге қажетті 11 антенна-мачталық құрылысты салу координаттары белгіленді.

Кеңес қорытындысы бойынша әрбір бағыт бойынша түйткілді мәселелер қаралып, жобаларды уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету бойынша алдағы қадамдар айқындалды.

Телекоммуникациялар комитеті «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы іс-шараларының орындалу барысына мониторинг жүргізу, туындаған мәселелерді жедел шешу және барлық мүдделі тараптардың жұмысын үйлестіру мақсатында өңірлермен тұрақты түрде кеңестер өткізіп тұрады.

Телекоммуникация және байланыс
15 сентября 2026
Алатау мен Қонаев қалаларында ұялы байланыстың «ақ дақтары» тексерілді

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті байланыс операторларымен бірлесіп, Алматы облысының Алатау және Қонаев қалаларында ұялы интернет жоқ аймақтарға көшпелі мониторинг жүргізді.

«Ақ дақтар» — байланыс операторлары тарапынан интернетке қолжетімділік толықтай жоқ аумақтар.

Алатау қаласында 28 «ақ дақ» анықталды. Оларды жою жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қосымша 5 базалық станция орнату көзделген, бұл қамту аумағын, соның ішінде автомобиль жолдарының бойын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жабдықтарды орналастыру үшін антенна-мачталық құрылғы орнатылған. Базалық станциялар қойылғаннан кейін бұл бұрын байланыс болмаған учаскелерді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қонаев қаласында 9 «ақ дақ» анықталды. «Кар-Тел» компаниясы таяудағы бір ай ішінде анықталған аймақтардың кемінде 7-уіндегі мәселені жоюды жоспарлап отыр.

Халықты сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары операторлардың лицензиялық міндеттемелері шеңберінде де жүргізілуде. Осы міндеттемелерге сәйкес, халқы 250 адамнан асатын барлық 3 807 ауылдық елді мекен ұялы байланыспен қамтылады.

Атап айтсақ, Шенгелді ауылы 2025 жылы ұялы байланыспен қамтамасыз етілуі тиіс болатын. Операторлар байланыс сапасын арттыруға және заманауи технологияларға өтуге бағытталған базалық станцияларды жаңғыртты. Ауылға жасалған сапар барысында 4G және 5G технологиялары бойынша интернет-қосылыстың жоғары сапасы тіркелді.

Шенгелдідегі 5G желісі «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторының бастамасымен орнатылды.

Бүгінгі таңда байланыс операторлары қалаларда 5G желісін өрістету бойынша ең төменгі лицензиялық міндеттемелерді орындап, ауылдық елді мекендерде бесінші буын желісін кеңейтуге кірісті.

Сонымен қатар, байланыс жоқ аймақтарды анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Ақ дақтарға» қатысты жағдай динамикалық сипатқа ие: аумақтарда құрылыс жүріп, жаңа тұрғын үй алқаптарының пайда болуына байланысты байланысы жоқ жаңа учаскелер пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты «ақ дақтарға» мониторинг тұрақты негізде жүргізіледі.

Телекоммуникация және байланыс
15 сентября 2026
Қазақстанның 40 мың шақырымнан астам тасжолына ұялы байланыс тартылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын байланыспен қамту және телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кеңеске «Транстелеком» АҚ компаниясы, сондай-ақ мобильді байланыс операторлары қатысты.

Кездесу барысында жобаның іске асырылуының ағымдағы мәртебесі, сондай-ақ инвестор мен байланыс операторлары арасында телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Автомобиль жолдарын мобильді байланыспен орнықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды үйлестіруге және құрылатын инфрақұрылымды тиімді пайдалануға бөлек назар аударылды.

Кеңес қорытындысы бойынша жобаны іске асырудың және «Транстелеком» АҚ мен ұялы байланыс операторлары арасындағы өзара іс-қимылдың одан арғы қадамдары айқындалды.

Анықтама: Жоба 40 мың шақырымнан астам республикалық және облыстық автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамтамасыз етуді және 500-ден астам антенна-мачталық құрылыстар мен базалық станциялар салуды көздейді. Іске асыру кезең-кезеңімен қарастырылған: республикалық жолдарды қамтуды 2026 жылдың соңына дейін, облыстық жолдарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қаржыландыру бюджет қаражатын тартпай, инвестор «Транстелеком» АҚ есебінен жүзеге асырылады.

 

08 июля 2026
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде ұшақтарда интернетті іске қосу мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Air Astana және Viasat компанияларының өкілдерімен әуе кемелерінің бортында спутниктік интернетті енгізу мәселелеріне арналған кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар жолаушыларды ұшу кезінде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасын іске асыру перспективаларын талқылап, сондай-ақ әуе кемелерін спутниктік байланыс жүйелеріне қосуға қатысты құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді қарастырды.

Негізгі назар нормативтік-құқықтық реттеу мәселелеріне, әуе кемелерінің бортында байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі халықаралық тәжірибеге және жобаны іске асыру бойынша алдағы қадамдарды үйлестіруге аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады және бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Air Astana әуе кемелерінде аталған технологияны пилоттық режимде сынақтан өткізу ағымдағы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр.

Телекоммуникация және байланыс
30 июня 2026
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде Direct to Cell технологиясы таныстырылды

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде Direct to Cell технологиясы таныстырылды. Бұл технология кәдімгі ұялы телефонды ешқандай қосымша құрылғысыз-ақ, тікелей серіктік желіге қосуға мүмкіндік береді.

Таныстырылым барысында «КаР-Тел» ЖШС мамандары телефонды байланыс операторының қолданбасы арқылы серіктік желіге қосып көрсетті.

Мұндай технология жері кең, ал елді мекендері бір-бірінен алшақ орналасқан біздің ел үшін өте маңызды. Ол дәстүрлі инфрақұрылымды жүргізу уақыт алатын, бірақ байланыс дәл қазір қажет болып отырған аймақтарда таптырмас қосымша шешім болмақ.

Сондай-ақ Direct to Cell технологиясы әдеттегі желілерге шамадан тыс күш түскенде немесе байланыс үзілген төтенше жағдайларда үлкен септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта министрлік мемлекеттік органдармен және нарық өкілдерімен бірлесе отырып, бұл технологияны Қазақстанда қолданысқа енгізудің техникалық және құқықтық шарттарын қарастыруда.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы