
Digital Almaty 2025 халықаралық форумы аясында «Ғарыш қызметі заманауи болмыста: мүмкіндіктер, жаңашылдық және перспективалар» атты оқыту семинары өтті.
Іс-шараны Халықаралық спутниктік байланыс ұйымы (МОКС) «Интерспутник» ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен (ХАТУ) бірлесе отырып ұйымдастырып, Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) қолдауымен өткізілді.
Семинарға әртүрлі елдердің жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және ғылыми қауымдастық қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыптары:
Ғаламдық спутниктік жүйелер және олардың Қазақстан үшін маңызы
Жиілік ресурсын реттеу және спутниктік орбиталарды үйлестіру
Төмен орбиталық спутниктік топтарды дамыту (Starlink, OneWeb және т.б.)
Киберқауіпсіздік және спутниктік жүйелердің орнықтылығы
2027 жылғы Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясының (WRC-27) негізгі шешімдері мен күтілетін нәтижелері
Спутниктік байланыс – Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының маңызды бөлігі, әсіресе шалғай өңірлерде дәстүрлі байланыс желілерінің шектеулігі жағдайында ерекше маңызға ие. Елде ұлттық спутниктік жүйелерді жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Семинар барысында Интерспутник және басқа да халықаралық ұйымдардың ғарыштық байланыс саласын реттеудегі рөлі, сондай-ақ саланың жаһандық трендтері мен болашағы талқыланды. Мұндай кездесулер әлемдік озық тәжірибе алмасуға және саланың мамандарының кәсіби дамуына ықпал етеді.